SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Әбдиев Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға әлеуметтік желілерде мүгедектігі бар жандар туралы дөрекі сөйлейтіндердің көбеюіне қатысты депутаттық сауал жолдады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында «инклюзия – ешкімді артта қалдырмау» қағидатын басымдық ретінде атап өтіп, мүгедектігі бар адамдарға қатысты көзқараста бірінші кезекте адамның мүмкіндігін, әлеуетін көруді міндеттеді. Бұл БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарындағы қағидаттарымен үндес ұлттық бағыт», – делінген сауалда.
Депутат атап өткендей, соңғы айларда әлеуметтік желілерде мүгедектігі бар балалар мен азаматтарға қарсы қорлау, өшпенділік тілі күшейген.
«Атап айтқанда, осыдан бірнеше ай бұрын блогер-сымақ біреудің аутизмі бар балаларды өлтіруге шақырғанын білесіздер. Ол әлеуметтік араздықты қоздырып қана қоймай, көпшілікті қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа ашықтан-ашық шақырды», – дейді Әбдиев.
Сонымен қатар, депутат аутист балалардың ата-анасын қорлаған блогердің оқиғасын да еске салды.
«Күні кеше аутизм дертіне шалдыққан балалар мен олардың әке-шешесіне тіл тигізген тағы да бір блогер шықты. Ол мұндай ауытқуы бар бала жеңіл жүрісті шешеден туады деп мәлімдеді. Онсыз да ауыр дертке шалдыққан балалардың ата-аналарына бұл жығылғанға жұдырықтай тигені анық. Хайптың артында жүріп, көпшіліктің арын таптаған мұндай блогерлерге әкімшілік емес қылмыстық жаза қолданылуы керек! Әйтпесе кез-келген адам аузына ие болмай, жазадан құтылып, қоғамға үлкен зиян келтіріп емін-еркін жүре бермек», – деп қосты депутат.
Әбдиев әлеуметтік желілердің қоғамдағы әлеуметтік дистанцияның өсуін және стигманың көрінісін көрсететінін атап өтті.
«Бүгінде Қазақстан медициналық модельден әлеуметтік модельге өтуде. Бұл психологиялық тұрғыда күрделі процесс, қабылдау кезеңдері бар: бастапқы терістеу, қарсылық, түсінбеушілік, содан соң жаңа шындықты қабылдау. Осы жағдайда мемлекеттің міндеті – қоғамның санасын дұрыс бағытта жаңғырту, тең мүмкіндіктерді қорғау және мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын мүлтіксіз сақтау», – дейді депутат.
Сауалда соңғы екі жылда Мәдениет және ақпарат министрлігінің инклюзия тақырыбын ілгерілетуге бөлген 66 млн теңгенің республикалық деңгейде айтарлықтай нәтиже бермегені, қаражаттың шағын және бытыраңқы жобаларға бөлінгені айтылған.
Әбдиев өз ұсынысын да нақтылап берді:
мүгедектігі бар адамдарға қатысты дұрыс түсінік қалыптастыратын кешенді мемлекеттік коммуникациялық стратегия әзірлеу;
өшпенділік тілінің алдын алатын, ғылыми негізделген ақпарат беру;
2026 жылға арналған «Кемсітушілікке нөлдік төзімділік» Ұлттық іс-шаралар жоспарын қабылдау;
әлеуметтік желілер мен БАҚ-тағы дискриминациялық контентке жедел әрекет ету;
инклюзияны арттыру бойынша облыстардың әкімдеріне нақты индикаторларды енгізу.
RUS