Алматыда автобус жүргізушісі телефонға алаңдап, қызды қағып кеткен (ВИДЕО)
2007 жылы туған қыз ауруханада жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда жолаушылар автобусының жүргізушісі телефонға алаңдап, жаяу жүргіншілер өткелінде қызды қағып кетті. Оқиға 9 желтоқсан күні күндіз болған. Жол-көлік оқиғасының видеосы әлеуметтік желіге тарады.
Алматы қалалық полиция департаменті берген мәліметке сәйкес, сағат 10:54-те Алмалы ауданында, Төле би даңғылымен батысқа бағыт алған автобус жүргізушісі Исаев көшесімен қиылысқа келгенде 2007 жылы туған қызды қағып өткен. Ол жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан.
Жарақат алған қыз ауруханаға жеткізілді.
Оқиға бойынша Алматы қаласының Тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Автобус жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шұмаев жағдайға қатысты былай деді:
«Жүргізушінің, әсіресе жолаушы тасымалдайтын адамның, телефонға алаңдауы — мүлде жол берілмейтін жағдай. Әр жүргізуші жолда толық зейін қоюы тиіс, өйткені оның салғырттығы адам өміріне қауіп төндіреді. Алматы полициясы барлық қоғамдық көлік және жеке көлік жүргізушілерін жол ережесін қатаң сақтап, жаяу жүргіншілердің өмірін қауіпке тікпеуге шақырады».
Материал авторы