963

Атырау облысында қаңғыбас иттер малды қырып жатыр

Тұрғындар малынан айырылып жатқанын айтып, шырылдап отыр.

Атырау облысында қаңғыбас иттер малды қырып жатыр
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысына қарасты Жаңа Қаратонда малға шабуыл көбейіп, тұрғындар алаңдап отыр. Ауылда соңғы айда екі рет қой-ешкінің жұмбақ жағдайда қырылғаны тіркелді. Бір оқиғаның видеожазбасында малға ит шабуылдағаны анық көрінеді.

9 желтоқсанда ауыл тұрғыны таңертең қорасын ашқанда бірнеше қой-ешкінің өліп жатқанын байқаған. Оның айтуынша, бір қойдың жүні сыпырылып тасталған, тағы бірінің ішкі мүшелері бүлінген. Жергілікті жұрт мұны алдымен «қорқау қасқырлардың ісі» деп болжаған.

Бірақ бұл алғашқы жағдай емес. 21 қарашада басқа бір тұрғынның төрт қойы қырылып қалған. Үйінің сыртындағы камерада жануарларға ит шабуыл жасағаны анық түсіп қалған.

Ауыл әкімі Ербол Шымырбайдың айтуынша, қаңғыбас жануарларға байланысты шағым соңғы уақытта күрт көбейген:

«Қаңғыбас иттерді көбейгені рас. Заң бойынша мұндай жануарларды тек ұстау, уақытша оқшаулау, тексеру, вакцинациялау және стерилизациялау қарастырылған. Ит атуға акиматқа да, ветеринарларға да тыйым салынған. Кей тұрғындар мұны түсінбейді» — дейді ол.

Материал авторы