SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыда логопедтің баланы ұрғаны жайлы видео әлеуметтік желіні дүрліктірді. Ата-ана бір жыл бойы сол маманға қатынап жүрген, алайда орталық ішінде не болып жатқанын білмеген.
Баланың анасы соңғы сабақ кезінде түсірілген видео туралы айтты. Айтуынша, олар байқамай дәл сол сәтті жазып алған.
Әйелдің айтуынша:
«Бәрі кездейсоқ болды. Сабақ аяқталып келе жатқанда, күйеуім баламыз не істеп отырғанын көрмек болды. Кабинетте үлкен терезе жоқ, төбеге жақын кішкентай терезе ғана бар. Күйеуім телефонды көтеріп, сол тесіктен видеоға түсірді. Кейін көріп қалсақ, логопедтің баламыздың басынан ұрған сәті дәл сол кадрға түсіп қалыпты. Біз үшін бұл өте ауыр соққы болды. Бір жыл бойы соған барып жүріп, мұндай әрекетке барады деп ойламадық… Логопед түсінік бере алмады. Кейін өзі хабарласты, бірақ мен жауап берген жоқпын. Басым қатып жүрді. Ең қызығы — бір рет қоңырау шалғаннан кейін не хабарлама, не кешірім сұрау болған жоқ», – деді анасы.
Ата-ана жағдайды жасырмай жариялауды жөн көрген. Себебі ол логопед көптеген балалармен жұмыс істейді, демек оқиға қайталануы мүмкін. Олар әр ата-ана өзі шешім қабылдайтынын, бірақ қоғам бұл жағдайды білуі тиіс екенін атап өтті.
Қарағанды облыстық полиция департаменті оқиға бойынша тексеріс басталғанын хабарлады. Материал полицияға тіркелген.
Ведомство мәліметінше, 44 жастағы жеке логопед полиция бөлімшесіне жеткізілді.
«Полиция қызметкерлері тексеру қорытындысы бойынша оның әрекетіне құқықтық баға береді. Балалардың құқығы мен қауіпсіздігі — мемлекет пен ішкі істер органдары үшін абсолютті басымдық. Кәмелетке толмағандарға қатысты кез келген заңсыз әрекет — физикалық күш қолдану, психологиялық қысым немесе өзге де қорлау формалары — қатаң және объективті бағаланатын болады», – делінген хабарламада.
Полиция сондай-ақ баланың құқығын бұзу кез келген жағдайда, адамның кәсібіне, мәртебесіне немесе жеке жағдайына қарамастан, заңмен жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
RUS