Көктайғақ және боран: Қазақстанда жаппай дауылды ескерту жарияланды
Синоптиктер қатерлі құбылыстар болатынын ескертті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бірқатар өңірінде 12 желтоқсанда ауа райының күрт нашарлауына байланысты дауылды ескертулер жарияланды. «Қазгидромет» дерегінше, күннің суытуы, боран, көктайғақ және күшті жел бірнеше облысты қамтиды.
Қарағанды облысында күндіз бұрқасын мен көктайғақ күтіледі. Облыстың батысы мен шығысында жел 15-20 м/с, кей тұста 23 м/с-қа дейін жетеді. Қарағанды қаласында да жағдай осындай.
Атырау облысының батысы, солтүстігі және оңтүстігінде көктайғақ болжанып отыр.
Ұлытау облысында түнде батыс, солтүстік және орталық аумақтарда бұрқасын мен көктайғақ күтіледі. Күндіз шығыста жаяу бұрқасын болады. Желдің екпіні түнде кей аймақтарда 23 м/с-қа дейін күшейеді. Жезқазғанда түнде көктайғақ пен бұрқасын болжанған.
Жетісу облысында Алакөл маңында жел 23-30 м/с және одан да жоғары көтерілуі мүмкін. Сондай-ақ түнде және таңертең таулы аудандарда көктайғақ пен тұман күтіледі.
Солтүстік Қазақстан облысында түнде оңтүстік-батыс желі 15-20 м/с жылдамдықпен соғады.
Қостанай облысының оңтүстігінде қар, жаяу бұрқасын және көктайғақ күтіледі. Шығыс пен оңтүстікте тұман түседі.
Қызылорда облысының солтүстігінде түнде, оңтүстігінде күндіз көктайғақ болады. Кей жерлерде тұман күтіледі. Қызылорда қаласында да тұман түсуі ықтимал.
Алматы облысының таулы аймақтарында түнде жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Абай облысының оңтүстігі, батысы және орталығында күндіз жаяу бұрқасын көтеріледі. Жел екпіні 23-28 м/с-қа жетуі мүмкін.
Түркістан облысының таулы аудандарында көктайғақ, ал батысы мен оңтүстігінде тұман болжанған. Желдің екпіні 20 м/с-қа жетеді.
Павлодар облысында түнде және таңертең батыс пен солтүстікте тұман күтіледі. Күндіз жел 15-20 м/с деңгейінде болады.
Батыс Қазақстан облысының батысы, солтүстігі және оңтүстігінде тұман мен көктайғақ күтіледі. Орал қаласында да жағдай осындай.
Маңғыстау облысында тұман мен көктайғақ күшейеді. Ақтау қаласында түнде және таңертең көктайғақ болады.
Жамбыл облысының таулы аймақтарында қар, жаяу бұрқасын және көктайғақ күтіледі. Жел кей жерде 23-28 м/с-қа дейін күшейеді. Таразда да тұман мен көктайғақ болжанған.
Ақмола облысының батысы, оңтүстігі және шығысында қар мен бұрқасын күтіледі. Желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетеді. Астанада күндіз жаяу бұрқасын болады.
12 желтоқсанда Астанада қар мен жаяу бұрқасын күтілетіні жеке ескертілді.
Материал авторы