447

Еурокомиссия төрағасы: Трамп, Еуропаның шаруасына араласпа!

Еуропа мен АҚШ арасындағы жаңа шиеленіс шығып, Трамп пен ЕК төрағасы сөз қағыстырды.

Еурокомиссия төрағасы: Трамп, Еуропаның шаруасына араласпа!
Omar Havana / Getty Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен АҚШ президенті Дональд Трампқа Еуропаның ішкі саясатына араласудан тартынуды талап етті. Бұл туралы ол Politico басылымына берген сұхбатында айтты.

Фон дер Ляйеннің айтуынша, қандай мемлекет болмасын, оның билігін кім басқаратынын тек сол елдің азаматтары шешеді. Ол Еуропадағы сайлау процестеріне сырттан ықпал етуге жол берілмейтінін қадап айтты.

«Сайлауда шешім қабылдайтын – сол елдің сайлаушылары. Бұл олардың егемен құқығы, оны қорғау қажет. Қалған ешкімнің араласуға хақысы жоқ», деді ол.

Сұхбат барысында редакция өткен аптада жарияланған АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік стратегиясын еске салды. Онда Еуропа алдағы жиырма жылда «өркениеттік құлдырау» қаупінде тұр деп көрсетілген. Құжат ЕО-дағы ультраоң күштерді тежеуге бағытталған бастамаларды «саяси цензура» деп атап, Еуропа елдерінің ішінен жаңа қарсылық ортасын қалыптастыру қажеттігін жазады.

Фон дер Ляйен трансатлантикалық серіктестіктің маңызын жоққа шығармайтынын айтты. Бірақ Еуропа өз күшін, өз бағытын анықтап, ішкі мәселелерін өзі шешуі керегін атап өтті.

«Біз өз әлеуетімізді тануымыз керек. Бірлікке, өз құндылықтарымызға сүйенуіміз қажет. Сонда ғана АҚШ-пен қарым-қатынас та өзгереді, өйткені біз өзіміз өзгереміз», деді ол.

Сондай-ақ ол Еуроодақ шетелдік ықпалға қарсы «Демократия қалқаны» атты бастаманы ілгерілетіп жатқанын еске салды. Бұл бастама сайлау процестерін сыртқы араласудан қорғауға бағытталған.

Айта кетейік, бұған дейін Трамп Еуропа «қауіпті бағытқа кетіп барады» деп мәлімдеп, одақты сақ болуға шақырған. Оның сөзі Илон Масктың әлеуметтік желісіне салынған айыппұл талқысымен тұспа-тұс келді. Ал Маск бұған дейін ЕО-ды тіпті таратуды ұсынған болатын.

Материал авторы