295

Енді зейнетақы қорындағы қаражатпен пластика операция жасатуға болмайды

Сұраныс күрт көбейгендіктен, «Отбасы банк» тыйым енгізді.

Енді зейнетақы қорындағы қаражатпен пластика операция жасатуға болмайды
Shutterstock

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, енді халықтың зейнетақы жинақтарындағы «артық қаражатты» пластикалық операцияларға қолдануына тыйым салынды. Бүгіннен бастап «Отбасы банк» мұндай өтінімдерді қабылдауды тоқтатты. Бұған реконструктивті және қалпына келтіру операцияларына арналған өтініштердің 130 есеге шарықтауы себеп болды.

Стоматология мен офтальмология бағыттары бойынша өтінімдер тоқтағаннан кейін, қазақстандықтар жаппай жаңа мақсат — пластикалық хирургияны таңдауға көшті. Бұл – операциядан кейінгі тыртықтарды немесе туа біткен ақауларды түзетуге арналған рәсімдер.

Банктің дерегінше, бұған дейін айына орта есеппен 16 өтініш қаралса, қыркүйекте олардың саны 123-ке, қазанда — 1 844-ке, қарашада — 3 878-ге жеткен. Ал офтальмология өтінімдері тоқтатылған желтоқсанның алғашқы сегіз күнінде ғана пластикалық операцияларға арнал 2 093 өтініш түсті. Бұл — бұрынғы айлық көрсеткіштен 130 есе көп. Желтоқсандағы өтініштердің жалпы сомасы 1,8 млрд теңгені құрады.

«Азаматтардың зейнетақы қаражатын мақсатты пайдалану — біздің міндетіміз. Пластикалық операцияларға қызығушылықтың күрт өсуінен кейін қаражатты мақсатсыз шығару қаупін көрдік. Сол себепті осы бағыттағы өтінім қабылдау тоқтатылды. Зейнетақы қорындағы ақша — болашақ зейнетақы. Азаматтар оны тек нақты бекітілген мақсаттарға ғана пайдалана алады. Ал кейбір делдалдар арқылы бұл қаражатты жүйеден «шығарып алу» көбейіп кетті. Банктің міндеті — мұндай заңсыз айналымға жол бермеу», — деді «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

enpf-otbasy.kz платформасы 2025 жылдың 12 желтоқсанына дейін пластикалық операцияларға арналған өтінім қабылдауды толық тоқтатады. Қазіргі уақытта осы бағыт бойынша 6 294 өтініш бар — барлығы белгіленген тәртіппен қаралады.

Сонымен бірге азаматтар зейнетақы жинақтарын өмірлік маңызы бар, қымбат әрі қиын қолжететін емдеу түрлеріне бағыттай алады. Атап айтқанда:

сирек (орфандық) ауруларды емдеу;

радионуклидтік және радиойодтерапия;

радиохирургиялық емдеу;

протондық терапия.

Пенсиялық артық қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану құқығы да сақталады: баспана сатып алу, ипотеканы өтеу, «Отбасы банк» депозитін толықтыру сияқты мақсаттар қолжетімді.

Бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жинақтарын пайдалануға арналған жеткіліктілік шегі көтерілетіні хабарланған болатын.

Материал авторы