Алматыдағы түнгі клуб маңында пышақпен жүрген екі ер адам ұсталды
Жанжал кезінде әйел ер адамды бөтелкемен ұрған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда түнгі клуб маңында қолдарына пышақ ұстаған екі ер адамды арнайы жасақ ұстап үлгерді. Бұл туралы ІІМ мәлімдеді.
Ведомство дерегінше, Арнайы жасақ қызметкерлеріне түнгі клубтардың бірінің қасында беттеріне маска таққан, қолында үлкен пышақ бар екі ер адамның жанжал шешуге келіп жатқаны туралы шұғыл хабар түскен.
Жедел әрекет еткен арнайы жасақ жағдайды ушықтырмай, екі ер адамды сол жерде құрықтаған. Тексеру барысында жанжал клуб күзетшілері мен келушілер арасындағы сөзталастан шыққаны анықталды.
Одан кейін дәл сол маңнан тағы бір шақырту түсті. Бұл жолы ер адам мен әйел арасындағы жанжал туралы хабарланған.
Полиция оқиға орнына дереу жетіп, ер адамның бетіне әйелдің бөтелкемен ұрғанын анықтады. Арнайы жасақ жауынгерлері зардап шеккен ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, екі тарапты полиция бөліміне жеткізді.
Материал авторы