SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бірқатар өңірінде 15 желтоқсанда ауа райы күрт нашарлайды. Синоптиктер қар, бұрқасын, көктайғақ, қалың тұман және екпінді жел туралы дауылды ескерту жариялады.
Ұлытау облысында түнде және таңертең тұман күтіледі. Жезқазғанда қар жауып, бұрқасын соғады, көктайғақ болады. Желдің екпіні кей уақытта 28 м/с-қа дейін күшейеді.
Түркістан облысында, соның ішінде таулы аймақтарда, қатты жауын-шашын (жаңбыр мен қар), жаяу бұрқасын және көктайғақ күтіледі. Шымкент пен Түркістан қалаларында да қолайсыз метеожағдай сақталады. Жел екпіні 20 м/с-қа жетуі мүмкін.
Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Ақмола өңірлерінде қар, бұрқасын мен көктайғақ болжанып отыр. Кей аймақтарда желдің екпіні 25–28 м/с-қа дейін күшейеді.
Ақтөбе облысында түнде және күндіз бұрқасын соғып, жел екпіні 28 м/с-қа дейін жетуі ықтимал. Ақтөбе қаласында да жаяу бұрқасын күтіледі.
Маңғыстау және Атырау облыстарында қар аралас жаңбыр, жаяу бұрқасын, көктайғақ болады. Жел солтүстік-батыстан соғып, екпіні 20–28 м/с-қа дейін күшейеді.
Жетісу, Алматы облыстары мен Алматы қаласында тұман түсіп, көктайғақ болады. Таулы аудандарда қар, кей жерде қатты қар жауады.
Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында және Семей мен Өскемен қалаларында қар, бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Жел екпіні 28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Қызылорда облысында қар, көктайғақ пен бұрқасын болжанып отыр. Жел екпіні кей жерде 23 м/с-қа дейін күшейеді.
Астанада 15 желтоқсанда көктайғақ күтіледі.
RUS