SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, белгілі боксшысы Назым Қызайбай үлкен мақсаты жолында жеке көлігін сатуға шешім қабылдады. Бұл автомобиль спортшыға 2024 жылғы Олимпиада ойындарынан кейін сыйға тартылған болатын.
Боксшының айтуынша, 2025 жылға қойған жоспарларының басым бөлігін ол сәтті орындап шыққан. Алайда өзі үшін аса маңызды үш ірі мақсат болған.
«2025 жылға көп жоспар құрдым, шүкір, соның көбін жүзеге асырдым. Бірақ мен үшін ерекше маңызды үш үлкен арман болды. Біріншісі — үш дүркін әлем чемпионы атану. Екіншісі — ата-анама үлкен үй сыйлау. Үшіншісі — өзімнің жеке бокс залымды ашу. Осы үшеуінің екеуі орындалды», — деп жазды Назым Қызайбай Instagram парақшасында.
Ол биыл үшінші мәрте әлем чемпионы атанып, жеке спорттық рекордын айтарлықтай толықтырғанын атап өтті. Сонымен қатар 2025 жылы екі әлем чемпионаты өткенін, екінші жарыста күміс жүлде алғанын да жасырмады.
«Қазір әлем чемпионаттарындағы медальдарым толық жинақталды: үш алтын, бір күміс, бір қола. Отбасым үшін үлкен үй де сатып алдым — бәрі риза. Енді жыл аяқталар тұста үшінші арманымды да орындағым келеді», — дейді спортшы.
Назым Қызайбай қазіргі таңда өзіне ұнаған шағын ғимаратты таңдап қойғанын, сол себепті маңызды қадамға баруға бел буғанын жеткізді.
«Сол үшін хабарландырумен бөліскім келеді: өзімнің әдемі көлігімді сатамын. Бұл көлік маған Олимпиададан кейін сыйға берілген. Бір жылдан астам уақыт міндім, жағдайы өте жақсы. Машинаны қатты жақсы көремін, бірақ арман мен мақсат жолында осындай шешім қабылдадым», — деп жазды ол.
Айта кетейік, Назым Қызайбай әлем чемпионатында 2014, 2016 және 2025 жылдары алтын медаль иеленген. Ал 2024 жылғы Олимпиада ойындарында қола жүлде жеңіп алған.
RUS