SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 17 желтоқсанда еліміздің басым бөлігінде ауа райы күрт нашарлайды. «Қазгидромет» таратқан дауылды ескертулерге сәйкес, бірқатар өңірде қар жауып, жаяу бұрқасын соғады, тұман түсіп, жолдарда көктайғақ қалыптасады. Кей аймақтарда жел екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді.
Батыс Қазақстан облысында қар мен жаяу бұрқасын күтіледі. Орал қаласында да күндіз қар жауып, жел күшейеді.
Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында түнде және күндіз қар жауып, бұрқасын соғады, жолдар тайғақ болады.
Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында қар қалыңдап, кей жерлерде қатты жауын-шашын болжанып отыр. Таңертең тұман түседі, жел бағыты ауысып, екпіні күшейеді.
Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан облыстарында тұман мен көктайғақ күтіледі, таулы аудандарда қар жауып, кей жерде қатты жауын-шашын болуы мүмкін.
Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында түнгі және таңғы уақытта тұман түседі, кей өңірлерде көктайғақ сақталады.
Астана қаласында кей уақытта қар жауып, жаяу бұрқасын соғады, жолдарда көктайғақ болады. Жел екпіні 15–18 м/с-қа дейін күшейеді.
Мамандар тұрғындарды алыс жолға шықпауға, жол қозғалысында сақ болуға және ауа райының күрт өзгеруіне байланысты қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
RUS