268

Жаңа дәуірдегі елдіктің бастауы

Тәуелсіздік күні қарсаңында еліміздің барлық өңірінде салтанатты іс-шаралар өтті. Егемен елдің еңсесін көтерген тарихи күн кеңінен аталып, қоғам өміріне үлес қосқан азаматтар марапатталды. Сондай-ақ 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысып, кейін ақталған азаматтарға біржолғы ақшалай өтемақы берілді. Биыл Қазақстанның тәуелсіз мемлекет атанғанына 34 жыл толды.

Жаңа дәуірдегі елдіктің бастауы
3dmitry / Getty Images/iStockphoto

Бұған дейін ұлттық мереке ретінде аталып келген 16 желтоқсан енді мемлекеттік мереке мәртебесіне ауыстырылды. Мемлекет басшысы бұл күн күнтізбеде мереке ретінде қалатынын, бірақ мазмұны жағынан еске алу күні сипатында болатынын атап өтті. Осылайша, Тәуелсіздіктің бастауы саналатын Желтоқсан оқиғасын еске алуға ешқандай шектеу болмайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, бұл күннің ел тағдыры үшін айрықша маңызға ие екенін айтты. Оның сөзінше, дәл осы күні қазақ халқы өз болашағын егемен мемлекет ретінде дамыту жолын түпкілікті таңдады. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Біз бабалар рухына тағзым етіп, келер ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілікті әрдайым сезінуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы. Президент елдің бірлігі мен азаматтардың қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстан тәуелсіздігін нығайтып, бірқатар маңызды жетістіктерге жеткенін атап өтті. Сонымен қатар қазіргі әлемдегі өзгерістер жаңа мүмкіндіктермен қатар сын-қатерлерді де алып келетінін айтып, мұндай кезеңде ұлттық тұтастықты сақтау аса маңызды екенін жеткізді. Оның айтуынша, жүзеге асырылып жатқан реформалар Әділетті, Күшті, Таза әрі Қауіпсіз Қазақстан құруға бағытталған.

Тәуелсіздік күніне орай Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтарға біржолғы әлеуметтік төлемдер қарастырылды. Бұл көмек 1986 жылғы 16–18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқан, саяси қуғын-сүргін құрбандары санатына жататын азаматтарға берілді. Төлем мөлшері өңірлерге қарай әртүрлі. Мәселен, Жетісу мен Қостанай облыстарында – 200 мың теңге, Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында – 220 мың теңге төленді. Ақмола облысы мен Астанада да осы көлемде төлем жасалса, Алматы қаласында – 250 мың теңге, ал Қарағанды облысында 400 мың теңге беру көзделген.

Тәуелсіздік күні – Қазақстанның жаңа заманда дербес, егемен ел ретінде тарих сахнасына шыққан күні. Мемлекеттік деңгейдегі бұл мерекеде жыл сайын мәдениет, әлеуметтік сала, қорғаныс, құқық қорғау және басқа да салаларда еңбек еткен азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталады. 16 желтоқсан еліміздің барлық өңірінде түрлі мерекелік іс-шаралармен атап өтіледі. Бұл күн тек Қазақстан тұрғындары үшін ғана емес, шетелдегі қазақ диаспорасы үшін де айрықша мәнге ие.

1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңды қабылдады. Бұл құжат 1990 жылғы Егемендік туралы декларациямен бірге елдігіміздің құқықтық негізін бекіте түсті. Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш болып АҚШ мойындаса, одан кейін Қытай, Ұлыбритания, Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран ресми түрде таныды. Иран – Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мұсылман мемлекет.

Содан бері әлемдік саясат аренасында Қазақстан дербес мемлекет ретінде орнығып келеді. Тәуелсіз елдің өмірі жалғасып, 16 желтоқсанда еліміздің барлық өңірінде мерекелік көңіл-күй орнады. Сол күні перзентханаларда да жаңа өмір басталды. Мысалы, Астанада Тәуелсіздік күні таңында небәрі бірнеше сағаттың ішінде 18 сәби дүниеге келген.

Тәуелсіздігіміз баянды, елдігіміз ғұмырлы болсын.

 

Авторы Серік Алдан