Екібастұзда мас күйде көлік жүргізген шенеунік ұсталды
Мас күйде көлік жүргізген шенеунік жазаға тартылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Екібастұзда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің орынбасары мас күйде көлік жүргізіп, ұсталды. Бұл туралы «Ирбис TV» жазды.
Қала сотының мәліметі бойынша, шенеунік 14 желтоқсан күні таңғы сағат 5-тер шамасында Энергетиктер көшесінде Mercedes-Benz E240 маркалы көлігін мас күйде жүргізіп келе жатып, полиция тарапынан ұсталған.
Полицейлер жүргізушіге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырып, іс сотқа жіберілген. Соттың шешімімен шенеунік өз кінәсін мойындап, жазасын алды.
«Шенеунікті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыру туралы шешім қабылданды», – делінген соттың қаулысында.
Сондай-ақ, полицияға шенеуніктің жүргізуші куәлігін тәркілеу міндеті жүктелді.
Материал авторы