Air Astana ұшағы Делиге шұғыл қонды: жолаушылар қозғалтқыштан жарылысқа ұқсас дыбыс естіген
Air Astana ұшағы бағытынан ауытқыды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдан Бангкокқа түнгі рейспен ұшқан Air Astana әуе компаниясының ұшағы Дели әуежайына мәжбүрлі түрде қонды. Жолаушылардың айтуынша, ұшу барысында сол жақ қозғалтқыш тұсынан қатты «хлопок» тәрізді дыбыс шығып, содан кейін лайнер күрт төмендей бастаған.
Оқиға KC931 рейсінде тіркелген. Әуе кемесі әуеде болған сәтте салонда күйік иісі сезіліп, экипаж қауіпсіздік мақсатында бағытты өзгерту туралы шешім қабылдаған. Нәтижесінде ұшақ Үндістан астанасы Делидегі әуежайға қонды.
Қонғаннан кейін жолаушылар ұшақ ішінде екі сағаттан астам уақыт ұсталған. Кейін экипаж борттың техникалық ақауы бар екенін хабарлап, рейстің ары қарай жалғаспайтынын мәлімдеген. Қазіргі уақытта жолаушылар әуежай терминалында күтіп отыр.
Айта кетейік, бұл – Air Astana әуе кемелерімен байланысты соңғы екі күндегі екінші оқиға. Бұған дейін, 17 желтоқсанда, Алматы – Астана бағыты бойынша ұшқан Airbus A321 лайнерінің салонында түтін шығып, экипаж MAYDAY дабылын жариялап, ұшақты қайтадан Алматы әуежайына қондырған еді.
Қос бірдей төтенше жағдай ұлттық әуе тасымалдаушысының рейстеріндегі қауіпсіздік мәселесіне қатысты сұрақтарды қайта күн тәртібіне шығарды.
Материал авторы