287

Шымкентте тендерге ақша жинаған интернет-алаяқ 4 жылға сотталды

Тендер уәдесімен табыс таппақ болған алаяққа үкім шықты.

Шымкентте тендерге ақша жинаған интернет-алаяқ 4 жылға сотталды
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты әлеуметтік желі арқылы азаматтарды алдап, ірі көлемде ақша жымқырған тұрғынға қатысты үкім шығарды. Ол Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағы — «бірнеше рет жасалған алаяқтық» бойынша кінәлі деп танылды.

Сот материалдарына сәйкес, айыпталушы 2025 жылдың қаңтар айында Instagram желісіндегі жеке парақшасы арқылы өзін «инвесторлармен жұмыс істейтін тұлға» ретінде таныстырып, тендер арқылы салынған қаржыны көбейтіп беремін деп уәде еткен. Алайда алынған қаражаттың барлығы құмар ойындарға жұмсалған.

Нәтижесінде жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын көлемі 35 419 000 теңгені құрады.

Айыпталушының кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен толық расталды. Мемлекеттік айыптаушы оған бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, істеген әрекетіне өкініш білдіріп, жазаны жеңілдетуді өтінді.

Сот үкімімен оның кінәсін мойындауы, шынайы өкініші және асырауында жасөспірім балаларының болуы — жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерілді. Ал қылмыстың қайталануы жазаны ауырлататын фактор ретінде танылды.

Нәтижесінде сот А.-ны 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Алайда рақымшылық заңы қолданылып, жаза мерзімі үштен бір бөлікке қысқартылып, 4 жыл болып белгіленді. Сонымен қатар 14 жасқа толмаған төрт баласының болуына байланысты жазаны өтеу 5 жыл мерзімге кейінге қалдырылды.

Жәбірленушілердің талап-арыздары толық көлемде қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Материал авторы