334

Су тасқынының салдары: коммуналдық мекеме тұрғынға 3 млн теңге төлеуге міндеттелді

Коммуналдық қызмет техникалық жауапкершіліктен жалтара алмады.

Су тасқынының салдары: коммуналдық мекеме тұрғынға 3 млн теңге төлеуге міндеттелді
Chris Ryan / Getty Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысының Макинск қаласының тұрғыны коммуналдық кәсіпорыннан келтірілген шығын үшін 3 миллион теңге өтемақы өндіріп алды. Азаматтық істі Бұланды аудандық соты қарады.

Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылдың ақпан айында су құбыры жарылып, салдарынан тұрғын үйді су басқан. Ауа райының қолайсыздығына байланысты апат орны бірден анықталмаған, ал зақымдалған учаскедегі су беру тек маусым айында қалпына келтірілген.

Техникалық қорытынды мен тексеру актісіне сай, тұрғын үй апатты деп танылған. Үйдің іргетасы қирап, қабырғаларда жарықтар пайда болған, көгеру анықталған, сылақ қабаты қабыршақтанып, терезе жақтаулары қисайған.

Коммуналдық қызмет көрсететін «Макинск Жылу» МКК талап арызды мойындамай, апатты жағдайды форс-мажорлық мән-жайлармен байланыстырған. Сонымен қатар, кәсіпорын өкілдері су құбыры желілері олардың теңгеріміне берілмегенін алға тартқан.

Алайда сот бұл уәждерді негізсіз деп таныды. Сот шешімінде су құбыры желілері жауапкерге тиесілі екені, ал тараптар арасында жауапкершілікті бөлу туралы келісімнің болмағаны атап өтілді. Сондай-ақ апат пен келтірілген шығын арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бар екені дәлелденді.

Нәтижесінде сот талапкердің арызын толық қанағаттандырып, коммуналдық кәсіпорыннан 3 миллион теңге өндіріп алу жөнінде шешім шығарды. Бұл сомаға материалдық залал, бағалау қызметі мен өкілдік шығындар кірген. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Материал авторы