SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлемге танымал әнші, Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің құрметті профессоры атағына ие болды.
Құрметті атақты әншіге университет ректоры Марат Шоранов табыстап, Димаштың ұлттық мәдениетті дамытуға, жастардың рухани тәрбиесіне және Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.
Студенттермен өткен кездесуде Димаш Құдайберген өзінің өмір жолы мен әлемдік сахнаға шығу тарихын бөлісті. Ол адам үшін кәсіби шеберліктен бұрын ішкі рухани мазмұн, жауапкершілік пен тамырға адалдық маңызды екенін айтты.
«Мен үшін адамның таланты мен біліктілігінен бұрын оның рухани байлығы маңызды. Нағыз тірек – сол. Рухани негіз болмаса, ең үлкен жетістіктердің өзі мәнін жоғалтады», – деді ол.
Болашақ дәрігерлерге үн қатқан Димаш медицина саласының жауапкершілігі аса жоғары екенін ерекше атап өтті.
«Медицина – қателікті кешірмейтін сала. Бұл жолда үнемі ізденіп, өзіңмен жұмыс істеу керек. Меніңше, нағыз жұлдыздар – дәрігерлер. Олар күн сайын адам өмірін сақтап қалады», – деді әнші.
Кездесудің ең әсерлі сәттерінің бірі – Димаш Құдайбергеннің КазҰМУ студенттерінен құралған «Дала сазы» ұлттық аспаптар ансамблімен бірге өнер көрсетуі болды. Олар сахнада «Адай» күйін орындап, залды бір сәтте бірлік пен рухқа бөледі.
Айта кетейік, бұған дейін Димаш Құдайберген БҰҰ-ның жаһандық ізгі ниет елшісі болып тағайындалған еді.
RUS