370

Астанадағы 3 жасар қыздың өлімі: прокурор анестезиологты жазадан босатуды сұрады

Мемлекеттік айыптаушы бастапқы айыптауынан кейін ұстанымын өзгертті.

Астанадағы 3 жасар қыздың өлімі: прокурор анестезиологты жазадан босатуды сұрады
сот отырысындағы бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада стоматологиялық емнен кейін көз жұмған қыз баланың өліміне қатысты іс бойынша сот жарыссөзі кезеңі басталды. Іс барысында мемлекеттік айыптаушы күтпеген мәлімдеме жасап, наркоз жүргізген анестезиологты амнистияға байланысты жазадан босатуды ұсынды.

Сот отырысында прокурор бастапқыда анестезиолог Аида Жұмағалиеваға 4 жылға бас бостандығынан айыру және 3 жыл мерзімге медициналық қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасын сұрады. Оның айтуынша, дәрігер баланың талдау қорытындыларындағы бірнеше көрсеткіштің қалыптан тыс екенін көре тұра, оны жалпы наркозға алған.

Айыптаушы тараптың мәліметінше, анестезиолог пациенттің жағдайының ауырлығын ескермей, «Севоран» препаратын 4 сағат 30 минут бойы үздіксіз қолданған. Соның салдарынан балада гипоксия мен ми ісінуі дамып, ақыры өлімге әкелген.

Алайда жарыссөз барысында прокурор өз ұстанымын өзгертіп, күтпеген ұсыныс білдірді. Ол Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай қабылданған амнистия туралы заңды негізге ала отырып, анестезиологты негізгі жазадан босатуды сұрады.

Мемлекеттік айыптаушының түсіндіруінше, аталған заңға сәйкес, ауырлығы төмен қылмыс жасаған тұлғалар негізгі жазадан босатылады. Сонымен қатар, ол Денсаулық сақтау министрлігінің анестезиологиялық көмек көрсету жөніндегі бұйрығында наркозға нақты қарсы көрсетілімдер тізбесі көрсетілмегенін және реаниматологтың қан талдауын түсіндіру міндеттері нақты регламенттелмегенін атап өтті.

Прокурордың пікірінше, осы олқылықтар дәрігерге қан көрсеткіштері жоғары болғанына қарамастан, баланы наркозға жіберуге мүмкіндік берген.

Еске салайық, осы күні анестезиологтың қорғаушысы судьяға қарсылық білдірген еді, алайда өтініш қанағаттандырылған жоқ. 

Материал авторы