Жамбыл облысында зейнеткер сот арқылы зейнетақысын өсірді
Еңбек өтілі есепке алынбаған зейнеткер өз құқығын қорғады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында зейнеткер сот арқылы зейнетақы мөлшерін арттырды. Азамат еңбек өтілінің бір бөлігі есепке алынбағандықтан, ұзақ жылдар бойы ең төменгі зейнетақы алып келген.
Сотқа жүгінуге оның еңбек кітапшасының жоғалуы себеп болған. Соның салдарынан 1984–1997 жылдар аралығында «ПКМ-2006» кәсіпорнында істеген 13 жылдық еңбегі зейнетақы есептеу кезінде ескерілмеген. Ер адам бұл мәселені бірнеше рет уәкілетті органдар арқылы шешуге тырысқанымен, нәтиже болмаған соң өз құқығын сотта қорғауға мәжбүр болған.
Сот отырысында талапкердің уәждері мемлекеттік органдардың жауаптарымен, архивтік анықтамалармен және сол кезеңде бірге жұмыс істеген екі куәгердің көрсетулерімен расталды. Сонымен қатар, кәсіпорынның таратылғаны анықталып, еңбек өтілін басқа жолмен дәлелдеу мүмкін еместігі белгілі болды.
Мойынқұм аудандық соты еңбек өтілін анықтаудың талапкер үшін заңдық маңызы бар екенін атап өтті, себебі бұл оның зейнетақы төлемін арттыруға тікелей әсер етеді.
Сот азаматтың 13 жыл бойы «ПКМ-2006» мекемесінде жұмыс істегенін ресми түрде танып, өтінішті қанағаттандырды. Алайда шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы