598

Атырауда аңшылықта жоғалған ер адамның туыстары күмәнді жайттарды алға тартты

Отбасыға хабар тек бір күннен кейін берілген.

Атырауда аңшылықта жоғалған ер адамның туыстары күмәнді жайттарды алға тартты
t.me/halyqstan

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында Каспий жағалауында аңшылық кезінде жоғалған 61 жастағы Өтебай Сабыровты іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Алайда оның туыстары ер адамның із-түссіз кетуіне қатысты бірқатар күмәнді жайттарға назар аударып отыр. Бұл туралы жергілікті басылымдар хабарлады.

Сабыровтың туыстарына жолдаған соңғы бейнежазбасы 14 желтоқсанда түсірілген. Видеода бірнеше адамның аңшылыққа аттанғаны көрінеді. Алайда сапардан барлығы бірдей оралмаған.

Аңшылыққа бірге шыққан азаматтардың айтуынша, көлік бұзылып, жөндеу жүргізіліп жатқан сәтте Сабыров мылтығын алып, жалғыз өзі аң аулауға кеткен. Осыдан кейін ол қайта оралмаған. Дегенмен марқұмның жақындары бұл нұсқамен келіспейді.

Жоғалған азаматтың жұбайы Шұға Аймишева мұндай жағдайдың қисынсыз екенін айтады. Оның сөзінше, аңшылыққа бірге шыққан адамдардың бірін жалғыз қалдыру — түсініксіз әрекет. Сонымен қатар отбасыға ер адамның жоғалғаны туралы тек келесі күні ғана хабарланған.

«15 желтоқсанда таңғы сағат 07:35-те қоңырау шалып, Өтебайды таба алмай жатқанын айтты. Неге бірден ескертілмеді? Неліктен бір тәулік бойы үнсіз қалды?» — дейді ол.

Туыстары іздеу жұмыстарының барысына да күмәнмен қарайды. Сабыровтың әпкесі Сымбат Сабырованың айтуынша, дрондар қолданылғанына қарамастан, нәтиженің болмауы күдік тудырады.

Оның сөзінше, жоғалған азаматтың киімінде жарық шағылыстыратын элементтер болған. Егер дрондар оны байқамаған болса, бұл оның басқа жерге әкетілгенін немесе орнын ауыстырғанын білдіруі мүмкін. Туыстарының пікірінше, ер адам алысқа кетуі мүмкін емес.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, іздеу жұмыстары Ботахан кен орны аумағында жүргізіліп жатыр. Операцияға полиция қызметкерлері, құтқарушылар, арнайы техника, ұшқышсыз ұшу аппараттары және шамамен 50 ерікті жұмылдырылған. Қазіргі уақытта Сабировтың жеке заттарынан тек ұялы телефоны ғана табылған, ол көліктің ішінде болған.

Полиция барлық аңшылыққа қатысқан адамдардан жауап алып жатқанын хабарлады. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталатыны айтылды.

Белгілі болғандай, Өтебай Сабыров жуырда ғана зейнетке шыққан, ірі компаниялардың бірінде оператор болып жұмыс істеген. Оның артында екі баласы қалған. Туыстары іздеу жұмыстары тоқтатылмайды деп үміттеніп отыр.

Материал авторы