SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында қатты боран салдарынан жылқы табыны қырылды. Қайғылы жағдай Қазталов ауданына қарасты Саралжын ауылында болған. Оқиға туралы мәлімет әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалардан белгілі болды.
Кадрларда боран кезінде су айдынына тап болған жылқылардың қалың мұз құрсауында қалғаны көрінеді. Кейбір жануарлар мұз астында тірідей қамалып, көпшілігі сол жерде жан тапсырған.
Аталған деректі Қазталов ауданының әкімдігі растады. Аудандық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда қырылған малдың нақты саны мен келтірілген шығын көлемі есептеліп жатыр.
Әкімдік өкілдері боран алдында тұрғындарға ауа райының күрт нашарлайтыны жөнінде ескерту жасалғанын атап өтті. Мал иелеріне төрт түлікті қорада ұстау қажеттігі алдын ала айтылған. Алайда кейбір шаруашылықтар сақтық шараларын толық сақтамаған, соның салдарынан боран кезінде мал ашық жайылымда қалған.
Қазіргі уақытта қырылған жылқылардың нақты қай шаруа қожалығына тиесілі екені анықталып жатыр.
RUS