АҚШ грин-карта лотереясын уақытша тоқтатты
Университетте атыс ұйымдастырған күдікті АҚШ-қа дәл осы бағдарлама арқылы келгені белгілі болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ билігі грин-карта ұтыс ойыны арқылы иммиграциялық виза беру бағдарламасын уақытша тоқтатты. Бұл шешім Браун университетінде болған атыс оқиғасынан кейін қабылданды.
АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэмнің мәлімдеуінше, президент Дональд Трамптың тікелей тапсырмасымен Азаматтық және иммиграциялық қызметке (USCIS) DV-1 деп аталатын тұрақты тұруға рұқсат беретін визалар лотереясының жұмысы дереу тоқтатылған.
Министрдің айтуынша, Браун университетіндегі атысқа және Массачусетс технологиялық институтының (MIT) профессоры Нуно Лурейрудің өліміне күдікті португалиялық Невеш Валенте АҚШ-қа дәл осы DV-1 бағдарламасы арқылы 2017 жылы келіп, кейін тұрақты тұру мәртебесін алған.
«Бұл адамға ешқашан АҚШ-қа кіруге рұқсат берілмеуі тиіс еді», — деп атап өтті Кристи Ноэм.
Министр сондай-ақ Дональд Трамптың бұл бағдарламаны тоқтату мәселесін бұған дейін де көтергенін еске салды. Атап айтқанда, 2017 жылы Нью-Йоркте жүк көлігімен жасалған лаңкестік шабуылдан кейін грин-карта лотереясын жабу туралы бастама көтерілген болатын.
Америкалық БАҚ-тың хабарлауынша, Невеш Валенте 13 желтоқсанда Браун университетінде болған атыс кезінде екі студенттің қаза табуына, сондай-ақ 15 желтоқсанда MIT профессоры Нуно Лурейрудің өліміне қатысы бар деген күдікке ілінген. Желіде жарияланған ақпаратқа сәйкес, күдікті 18 желтоқсан кешке өлі күйінде табылған, алдын ала дерек бойынша ол өзіне қол жұмсаған.
Айта кетейік, АҚШ Мемлекеттік департаменті жыл сайын Diversity Immigrant Visa бағдарламасы аясында грин-карта алу үшін үміткерлерді кездейсоқ іріктеу өткізеді. Associated Press агенттігінің мәліметінше, 2025 жылғы лотереяға шамамен 20 миллион адам өтініш берген, олардың ішінен отбасыларын қоса есептегенде 131 мыңнан астам үміткер таңдалған.
Лотерея жеңімпаздары кейін консулдық сұхбаттан өтіп, басқа иммиграциялық виза үміткерлері сияқты толық тексерістен өтеді.
Материал авторы