Рамзан Қадыровтың ұлы: «Өшпенділік идеологиясына ел ішінде орын жоқ»
Ресейде 10 жасар тәжік баласы қаза тапқан еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шешенстан Республикасының Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Адам Қадыров Мәскеу облысында 10 жастағы Тәжікстан азаматының қаза табуына байланысты пікір білдіріп, ұлтаралық өшпенділікке қарсы күреске шақырды.
Рамзан Қадыровтың ұлы Адам Қадыров қаза тапқан баланың туған-туыстарына көңіл айтып, қылмыс жасаған адам заң аясында ең қатаң жазаға тартылатынына сенім білдірді. Оның айтуынша, бұл қылмыс қоғам үшін аса ауыр соққы болды.
Сонымен қатар ол өшпенділік пен жеккөрушілік идеологиясының таралуына ерекше назар аударды. Қадыровтың сөзінше, Орталық Азия мен Кавказ халықтарына қарсы ұзақ жылдар бойы жеккөрушілік насихаттап келе жатқан күштер бар.
«Ақпарат кеңістігінде адамдарды ұлты мен шыққан тегіне қарап жек көруге шақыратын уды кімдер таратып жүр? Жасөспірімдердің санасын улап, оларды зұлымдық құралына айналдыратын төзімсіздік уағыздары қай ортада айтылады? Дәл осы өшпенділік тарататын қауымдастықтарда қайғылы оқиғадан кейін баланың өліміне мысқылмен қарағандар болды», – деді Адам Қадыров.
Ол Ресейдің сыртқы шекараларда нацизмге қарсы күрес жүргізіп жатқанын атап өтіп, дәл осы идеологияның ел ішінде тамыр жаюына жол бермеу қажет екенін айтты.
«Әлемдік нацизмді жеңуге шешуші үлес қосқан мемлекетте ұлтына немесе дініне қарап адамдарды өшіктіруге орын болмауы тиіс. Бұл індетке қарсы тұру – қаза тапқандардың рухы мен көпұлтты еліміздің болашағы алдындағы ортақ парыз», – деп түйіндеді ол.
Еске салайық, бірнеше күн бұрын Мәскеу облысындағы Горки-2 елді мекенінде жасөспірім мектепке шабуыл жасап, көзден жас ағызатын газ қолданып, кейін күзетші мен төртінші сынып оқушысына пышақ жарақатын салған. Ауыр жараланған бала көз жұмды.
Оқиғадан кейін Тәжікстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейге ресми наразылық нотасын тапсырды. Шабуыл жасаған жасөспірім сот шешімімен қамауға алынды. Қаза тапқан баланың денесі Тәжікстанға жеткізіліп, әкесінің жанына жерленді.
Материал авторы