Павлодарлық жастар жаппай Ресейге көшіп жатыр: Әкім мәлімдеме жасады
Жастардың жартысынан астамы оқуын бітірген соң Ресейде қалып қойып жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірден, әсіресе жастардың Ресейге көшу себептерін түсіндірді. Ол бұл үрдісті облыстың шекара маңында орналасуы және өнеркәсіптік сипаты бар өңір болуымен байланыстырды.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әкім өңірдегі экологиялық жағдайдың күрделілігін атап өтті. Оның айтуынша, Павлодар облысы ел бойынша зиянды шығарындылар көлемі жөнінен алғашқы орында тұр.
«Облыстан 32 мың адам көшіп кетсе, 24,5 мың адам келді. Яғни таза көші-қон сальдосы шамамен 8 мың адамды құрайды. Мұның үш негізгі себебі бар. Біріншісі – Ресейге кету. Жастардың, әсіресе өзге ұлт өкілдерінің көбі Новосибирск, Омбы, Томск, Кемерово қалаларында білім алады. Олардың 50–60 пайызы оқуын аяқтаған соң сол жақта қалып, өмірін сонда жалғастырады», – деді Асайын Байханов.
Әкім сондай-ақ солтүстік өңірлерге тән тағы бір өзекті мәселе – туу көрсеткішінің төмендігі екенін айтты.
Осы жағдайға қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы айта келе, ол Павлодар облысының ел ішінде қоныс аудару бағдарламасын белсенді іске асырып жатқанын жеткізді.
«Біз оңтүстік өңірлерден жұмыс күші артық аймақтардан адамдарды тарту бойынша көш бастап тұрмыз. Қазіргі таңда 4,5 мың бос жұмыс орны бар. Осы мақсатта Қызылорда, Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарынан азаматтарды шақырамыз. Оларға көтермеақы, тұрғын үй және әлеуметтік қолдау көрсетіледі», – деді өңір басшысы.
Әкімнің айтуынша, соңғы уақытта облысқа 5,5 мың адам қоныс аударған. Бұған қоса, Павлодар өңірі 1,5 мың қандасты қабылдаған.
Материал авторы