291

Баланың өлімінен кейін елдегі стоматологиялар жаппай тексеріліп жатыр

Тексерілген клиникалардың жартысында стандарттар сақталмаған.

Баланың өлімінен кейін елдегі стоматологиялар жаппай тексеріліп жатыр
pixabay.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда 100-ден астам стоматологиялық клиниканың қызметінен елеулі заңбұзушылықтар анықталды. Бұған ата-анасы баласын тіс емдетуге апарып, соңы қайғылы жағдаймен аяқталған оқиғадан кейін басталған ауқымды тексеріс себеп болды. Бұл туралы 24KZ арнасының Түйін бағдарламасында Денсаулық сақтау министрінің орынбасары айтты.

ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, жоспарға сәйкес ел бойынша шамамен 350 стоматологиялық мекеме тексерілуі тиіс. Қазіргі таңда олардың 210-ына тексеріс жүргізілген.

«Тексерілген нысандардың тең жартысында стоматологиялық қызмет көрсету стандарттары сақталмағаны белгілі болды. Мәселен, тек Жамбыл облысының өзінде 10 стоматология жабылды. Ал республика бойынша анықталған заңбұзушылықтар үшін клиникаларға 30 миллион теңгеге дейін айыппұл салынды», – деді вице-министр «Түйін» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасына берген сұхбатында.

Сондай-ақ ол жалпы анестезия кезінде кеңінен қолданылатын «Севоран» препаратына қатысты пікір білдірді. Вице-министрдің айтуынша, бұл дәрі әлемдік тәжірибеде, соның ішінде балалар стоматологиясында қауіпсіз препараттардың бірі саналады. Алайда кез келген дәрі сияқты оны қолдану барысында барлық медициналық стандарттар қатаң сақталуы тиіс.

Сондай-ақ келер жылдан бастап Қазақстанның барлық өңірінде жедел жәрдем қызметкерлері бейнежетон тағып жүреді. Пилоттық жоба барысында бұл құрал шиеленісті жағдайларды 90 пайызға дейін азайтқан.

Сонымен қатар, медицина қызметкеріне күш қолданған тұлғаларға қатысты жауапкершілік күшейтіледі. Енді мұндай әрекет қылмыстық құқықбұзушылық ретінде қаралып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Тимур Сұлтанғазиевтің мәліметінше, соңғы бес жылда елімізде 280 медициналық қызметкер түрлі шабуылға ұшыраған. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді.

«Әсіресе жедел жәрдем фельдшерлері мен қабылдау бөлімінің қызметкерлері алкогольдік немесе психикалық жай-күйі бұзылған науқастардың агрессиясына жиі тап болады. Осыған байланысты Президенттің тапсырмасымен медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған заң қабылданды», – деді вице-министр.

Жаңа заң аясында өз міндетін тиісінше орындамаған немесе қызметіне салғырт қараған медицина қызметкерлері де жауапкершіліктен тыс қалмайды. Мұндай жағдайда олар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.