520

Димаш Құдайберген Асанәлі Әшімовтің рухына арнап жазба жариялады

Димаш Асанәлі Әшімовті ұлт руханиятының символы деп атады.

Димаш Құдайберген Асанәлі Әшімовтің рухына арнап жазба жариялады
kudaibergenov.dimash

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген көрнекті актер, режиссер Асанәлі Әшімовтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Әнші ұлт өнері бір дәуірімен қоштасқанын атап өтті.

Димаш Құдайберген әлеуметтік желідегі парақшасында Асанәлі Әшімовтің рухына арналған жүрекжарды жазбасын жариялады. Ол халық артисін тек аңыз тұлға ғана емес, ұлт руханиятының берік тірегі болған кемеңгер ретінде сипаттады.

«Маған берген ақ баталарыңыз, айтқан әрбір өнегелі сөзіңіз - мен үшін өмірлік бағдар, өнер жолындағы ең қымбат рухани мұра. Сіздің сеніміңіз бен ақыл-кеңесіңіз мені әрдайым биік жауапкершілікке, адалдық пен тазалыққа жетелеп келеді», – деп жазды Димаш. Әншінің айтуынша, ақсақалдың әрбір ақылы оны ой тазалығына, әділетке және өнер мен халық алдындағы зор жауапкершілікті сезінуге бағыттап отырған.

Димаш Құдайберген Асанәлі Әшімовтің өнерге, ұлтқа деген адалдығы мен адамгершілік болмысы келер ұрпаққа өнеге болатынына сенім білдірді.

«Өнерге, адамдыққа, ұлтқа деген сіздің ұстанымыңыз - кейінгі буын үшін өлмес өнеге. Сол өнегені жүрегімде сақтап, әрдайым лайық болуға тырысамын.
Ағамыздың рухы пейіштің төрінде шалқығай! Отбасына, жақындарына жаратушы иеміз сабыр берсін. Қазаның арты қайырлы болғай, ағайын», – деп түйіндеді ол.

Еске сала кетейік, кеше 89 жасында Қазақстанның аңызға айналған актері әрі режиссері Асанәлі Әшімов өмірден өтті. Ол «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» секілді ұлттық кино қазынасына енген туындыларда жарқын бейнелерді сомдады.

Марқұмның отбасы мен жақындарына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та көңіл айтты.  

Материал авторы