Алматыда 2040 жылға дейін LRT салынбақ
Мәжіліс депутаты Бас жоспардағы негізгі өзгерістерді атады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда LRT жобасы тағы да күн тәртібіне шықты. Қала әкімдігі 2040 жылға дейінгі Бас жоспарды түзетіп, мегаполисте жеңіл рельсті көлік жүйесін салу мүмкіндігін қайта қарастырды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, ол әріптестері Ирина Смирнова және Ерлан Стамбековпен бірге Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына енгізілетін өзгерістер жобасымен танысқан. Құжат қала әкімдігі тарапынан әзірленген.
Жаңартылған Бас жоспарда Құрылыс кодексінің жобасында көзделген бірқатар шектеулер ескерілген. Атап айтқанда, сел және көшкін қаупі бар аумақтарда жаңа құрылыс салуға тыйым салу, сондай-ақ сейсмикалық қауіпті аймақтар мен тектоникалық жарылымдар бойында құрылыс жүргізуге қатаң шектеулер енгізу қарастырылған.
Көлік инфрақұрылымын дамыту бөлігінде қала билігі LRT — жеңіл рельсті жылдам трамвай жобасына қайта оралып отыр. Бас жоспар аясында қоғамдық көлікке басымдық беретін көпдеңгейлі бірыңғай көлік жүйесін қалыптастыру көзделген.
Жоспарға сәйкес, метро желілерін Абай даңғылынан халықаралық әуежайға дейін ұзарту, қаланың төменгі әрі халқы тығыз орналасқан аудандарында LRT енгізу, сондай-ақ метро, LRT, BRT және қала маңындағы бағыттарды біріктіретін көлік-ауысу тораптарын іске қосу ұсынылған. Бұл шаралар Алматы мен агломерация арасындағы көлік байланысын тұрақтандыруға бағытталған.
Бақытжан Базарбек жариялаған картаға сәйкес, LRT желісінің алғашқы кезеңі Төле би және Абылай хан көшелері арқылы өтіп, қаланың батыс бөлігін Алматы-2 теміржол вокзалымен байланыстыруы мүмкін.
Материал авторы