352

Bloomberg: Қазақстан 2026 жылғы әлемнің ең үздік 25 туристік бағытының қатарында

Алматы халықаралық мойындауға ие болды.

Bloomberg: Қазақстан 2026 жылғы әлемнің ең үздік 25 туристік бағытының қатарында
instagram.com/aureliy_m

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Bloomberg Қазақстанды 2026 жылы баруға тұрарлық әлемдегі ең үздік 25 туристік бағыттың қатарына қосты. Беделді халықаралық басылым өз рейтингінде Алматы қаласын жаһандық туристік картадағы ең тартымды бағыттардың бірі ретінде атап өтті.

Bloomberg дерегінше, Алматының туристік әлеуеті тұрақты түрде өсіп келеді және қала жыл бойы сұранысқа ие бағыт саналады. Басылым қаланың мәдени ортасы, тарихи мұрасы, гастрономиялық әртүрлілігі мен табиғи ландшафттарға жақын орналасуын негізгі артықшылықтар ретінде көрсеткен.

«Орталық Азия даласында шығармашылық энергия қайнап жатыр. Елдің ең ірі қаласының танымалдығы артып келеді. 2025 жылдың тоғыз айында Алматыға рекордтық 2,5 миллион турист келген. Кейбірі алтын күмбезді Зенков соборын, дәмдеуіштер, бал және жылқы етінен жасалған шұжықтар сатылатын Жасыл базарды көру үшін келеді. Ал басқалары қаланың бетон құрылысынан кейін бірден көзге шалынатын Іле Алатауындағы альпілік көлдер мен тау шаңғысы трассаларын таңдайды», – деп жазады Bloomberg.

Сондай-ақ басылым Алматыдағы демалыстың маусымдық мүмкіндіктеріне ерекше назар аударған. Қыс мезгілінде туристерге Шымбұлақ тау-шаңғы курорты ұсынылады, ал жаз айларында қала маңындағы таулы бағыттар мен табиғи нысандар сұранысқа ие.

«Bloomberg нұсқасы бойынша Қазақстанның әлемдегі ең үздік 25 туристік бағыттың қатарына енуі – маңызды халықаралық мойындау. Бұл Visit Almaty ұйымының жүйелі жұмысының нәтижесі және еліміздің жаһандық туристік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің артқанын көрсетеді. Халықаралық аудиторияның Қазақстанға деген қызығушылығы айқын өсіп отыр», – деді “Kazakh Tourism” ұлттық компаниясы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.

Айта кетейік, Bloomberg-тің жыл сайынғы туристік рейтингі салалық трендтерді талдау, сарапшылар пікірі және әлемдік туризм нарығындағы өзекті өзгерістер негізінде қалыптастырылады.

Материал авторы