SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, отандық кино жұлдызы, «Рэкетир» фильміндегі рөлімен танылған актер Мұрат Бисенбиннің денсаулығы күрт нашарлады. Жақындары оның инсульт алғанын растады, ал әріптестері жағдайының ауыр екенін мәлімдеді.
Актердің қызы бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде әкесінің хәлі туралы жазба жариялап, соңғы уақыттағы жағдайдың тұрақсыз екенін жеткізген.
«Әкемнің жағдайын сұрайтындар көп. Бірақ нақты бір жауап беру қиын. Кейде жақсарады, кейде қайта нашарлайды. Біз тек жақсы сәттерді бөлісуге тырысамыз, ал көп дүние сыртта қалады. Соңғы бір жарым жылда ата-анам ауыр сынақтардан өтті: бір ауруханадан екіншісіне ауысып, үздіксіз тексерулер, ем-дом, химиотерапия, оңалту кезеңдері болды», – деп жазды ол.
Арада уақыт өтпей, қызы жаңа мәлімет жариялап, Мұрат Бисенбиннің инсульт алғанын және қазіргі уақытта дәрігерлердің тұрақты бақылауында ауруханада жатқанын хабарлады.
Актердің денсаулығына қатысты пікірді әріптесі Жан Байжанбаев та білдірді. Оның айтуынша, Бисенбиннің жағдайы онкологиялық дертпен бір жылдан астам күрестен кейін күрделене түскен. Байжанбаев актердің физикалық тұрғыда қатты әлсірегенін және оған шұғыл түрде иммунотерапия қажет екенін атап өтті.
Еске салайық, 2024 жылдың күзінде Мұрат Бисенбиннің қатерлі ісікке шалдыққаны белгілі болған еді. Сол кезде отандық шоу-бизнес өкілдері актерге қолдау білдірген. Өзі де дертті жеңіп, қайтадан киноға оралуды мақсат ететінін айтқан болатын.
RUS