Тұрсынғали Алагөзов өз қызметкерлерінің ата-анасына ай сайын төлем жасамақ
Алагөзов бұл қадамды ата-аналарға алғыс ретінде түсіндірді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов өз қызметкерлерінің ата-аналарына ай сайын тұрақты қаржылай қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол «GALANZ Bottlers» компаниясының жаңа жылға арналған корпоративтік кешінде айтты.
Компания басшысы 2025 жылдың қорытындысын шығара отырып, ұжым мүшелерінің 65 жастан асқан ата-анасына ай сайын 50 мың теңге көлемінде төлем тағайындалатынын жариялады. Оның айтуынша, бұл — қызметкерлерді тәрбиелеп өсірген ата-аналарға көрсетілетін құрмет пен алғыс белгісі.
«Бүгін таңертең бір ой келді, сіздермен бөліскім келді. Бұдан былай біздің компанияда еңбек ететін әр қызметкердің 65 жастан асқан ата-анасына ай сайын 50 мың теңге көлемінде төлем жасалады. Сіздердей азаматты тәрбиелеген ата-аналарыңызға алғысым шексіз», — деді Тұрсынғали Алагөзов.
Бұл бастама әлеуметтік желіде кең қолдау тапты. Көпшілік кәсіпкердің әрекетін адамгершілік пен әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісі ретінде бағалап, жылы лебіздерін білдіріп жатыр.
Айта кетейік, Тұрсынғали Алагөзов бұған дейін де ұжымына бағытталған ірі әлеуметтік қадамдарымен танылған. Биыл мамыр айында ол компанияда 15 жылдан астам еңбек еткен 100 қызметкерге пәтер кілтін табыстаған болатын. Сол жиында қызметкерлер тек алғыс хаттармен шектеледі деп күткен, алайда кәсіпкер олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға нақты қолдау көрсеткен.
Материал авторы