Украина Ресейдің мұнай терминалы мен әскери нысандарына соққы берді
Украина шабуылдарының аумағы кеңейіп жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, дүйсенбі күні Украина қарулы күштері Ресей аумағындағы және уақытша оккупацияланған аймақтардағы бірқатар әскери нысанға соққы берді. Нәтижесінде мұнай терминалы, құбыр желісі, екі истребитель және екі кеме зақымданды. Бұл туралы Украина ресми органдары мәлімдеді.
Украина Қарулы күштері Бас штабының хабарлауынша, соққы «Таманьнефтегаз» мұнай терминалына, оқ-дәрі қоймасына және ұшқышсыз ұшу аппараттарын іске қосу алаңына бағытталған. Нысандар Ресей аумағында және Ресей уақытша басып алған украин жерлерінде орналасқан.
Ресейдің Краснодар өлкесінің оңтүстігінде құбыр желісі, екі айлақ және екі кеме зақымданып, ірі өрт шыққан. Украина тарапы операция барысында қандай қару қолданылғанын нақтыламады.
Сондай-ақ украин өндірісіндегі зымыран уақытша оккупацияланған Қырым түбегіндегі Оленевка елді мекенінде орналасқан Ресейдің өзен катерлері бригадасының уақытша базасына тиген. Бұған қоса, Донецк облысының оккупацияланған бөлігінде орналасқан оқ-дәрі қоймасы мен дрон ұшыру қондырғысы соққыға ұшырады. Бұл Ресей әскерінің алға жылжуын тежеу мақсатында жасалғаны айтылды.
Украина әскери барласының дерегінше, бөлек операция барысында украин партизандары Ресейдің Липецк облысы маңындағы аэродромда тұрған екі истребительді өртеген.
Ал Ресей Қорғаныс министрлігі түн ішінде бірнеше украин дроны ұсталғанын ғана мәлімдеді. Олардың үшеуі Краснодар өлкесінің үстінде жойылған.
Украина бұл операцияларды Ресейдің әскери әлеуетін әлсірету және тылдағы нысандарға соққы беру стратегиясының бір бөлігі деп бағалап отыр. Киев бұл әрекеттер АҚШ араағайындығымен өтіп жатқан, бірақ нақты нәтиже бермеген бейбіт келіссөздер аясында Ресей президенті Владимир Путиннің «әскери басымдық» туралы мәлімдемелеріне жауап екенін де атап өтті.
Осы уақытта Ресей Донбаста шабуылын жалғастырып жатыр. Украина Бас штабының мәліметінше, Донецк облысындағы Константиновка бағыты бойынша соңғы 24 сағатта бірнеше елді мекенге 27 соққы жасалған.
Соғысқа дейін халқы 67 мың болған майданға жақын қалада қазір небәрі 4 300 адам қалған, олардың арасында эвакуациядан бас тартқан отбасылардың балалары да бар. Украин әскери дереккөздері ресейлік авиациялық бомбалар тұтас кварталдарды қиратқанын, ал дрондардың үздіксіз бақылауы тұрғындарды ағаш пен шатыр астасына жасырынуға мәжбүр етіп отырғанын хабарлады.
Сонымен қатар Ресей Украина энергетикалық инфрақұрылымына қысымды күшейтті. Украина Энергетика министрлігінің мәліметінше, бір түнде бес өңірдегі энергия нысандары шабуылға ұшыраған. Әуе күштері Ресей түн ішінде 86 дрон ұшырғанын, олардың 58-і әуе қорғанысы арқылы жойылғанын хабарлады.
Материал авторы