561

Ресей соты Екатерина Биволдың сөздерін жалған деп таныды

Ұлтаралық араздыққа қатысты тексерулер жалғасып жатыр.

Ресей соты Екатерина Биволдың сөздерін жалған деп таныды
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Смольный аудандық соты блогер Екатерина Биволдың бұрынғы күйеуі, белгілі боксшы Дмитрий Биволға қатысты айтқан мәлімдемелерін жалған әрі оның ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін деп таныды. Бұл туралы қала соттарының біріккен баспасөз қызметі хабарлады.

Сот шешіміне сәйкес, Екатерина Бивол өзіне тиесілі және өзі әкімшілік ететін барлық интернет-ресурстарда, соның ішінде сайттарда, әлеуметтік желілердегі парақшаларда және мессенджерлердегі арналарда ресми теріске шығару жариялауға міндеттелді. Теріске шығару сот үкімінің қарар бөлімі түрінде ашық қолжетімді болуы және кемінде алты ай бойы сақталуы тиіс.

Іс материалдарына сәйкес, даулы мәлімдемелер мен пікірлер Екатерина Бивол тарапынан 2024 жылғы қыркүйек пен 2025 жылғы тамыз аралығында Instagram әлеуметтік желісінде және Telegram мессенджерінде жарияланған.

Бұған дейін Қырғызстанда Екатерина Биволға ұлтаралық араздықты қоздыруға байланысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған. Кейін Қазақстан ІІМ оның іздеуде жүргенін растаған.

2023 жылы ажырасқаннан кейін Екатерина Бивол бірнеше рет даулы жағдайлардың ортасында қалды. 2024 жылдың қазан айында ол көлік жүргізіп келе жатып түсірілген видеоны жариялап, онда Қырғызстан мен Қазақстан азаматтарына қатысты бейәдеп әрі қорлайтын сөздер айтқан. Бұл жазба Орталық Азия мен Ресейде кең резонанс тудырды.

Қараша айында Ресей Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде ұлтына қарай қорлау белгілері бар бейнематериалға байланысты Екатерина Биволға қатысты тексеру бастағанын мәлімдеді.

Дмитрий Бивол — Қырғызстанда туған, қазіргі уақытта Ресейде тұрады. Ол Екатерина Биволмен 16 жыл некеде болып, екі жыл бұрын ресми түрде ажырасқан. Спортшы жартылай ауыр салмақта өнер көрсетеді және WBC, IBF, WBO, WBA Super және IBO нұсқалары бойынша бес чемпиондық белбеудің иегері.

Материал авторы