715

Электрондық қаржы орталығы 13,5 млрд теңгені «далаға жіберген»

Цифрлық бюджет бақылауында олқылық көп екені анықталды.

Электрондық қаржы орталығы 13,5 млрд теңгені «далаға жіберген»
NUR.KZ/Владимир Третьяков

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Электрондық қаржы орталығы» АҚ қызметіне жүргізілген мемлекеттік аудит аяқталды. Жоғары аудиторлық палата тексеру қорытындысын жариялап, мемлекеттік қаржы саласындағы ақпараттық жүйелерді дамыту мен сүйемелдеу жұмысына кешенді баға берді.

Қазақстандағы цифрлық трансформация аясында бюджет ресурстарын басқаруға арналған цифрлық шешімдер маңызды рөл атқарады. Бұл құралдар қаржы ағындарын тұрақты бақылауға, адами факторды азайтуға және басқарушылық шешімдер үшін сапалы талдау жасауға мүмкіндік береді. Аталған бағыттағы негізгі оператор – Қаржы министрлігіне ведомстволық бағынысты «Электрондық қаржы орталығы» АҚ.

Аудит барысында жоюды талап ететін бірқатар жүйелі кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, стратегиялық басқаруда олқылықтар бар: 2023–2024 жылдарға арналған даму жоспарларының орындалуы бойынша есептер ұсынылмаған, жекелеген көрсеткіштерге қол жеткізілмеген, ал ішкі аудит қызметінің іс-шаралары толық орындалмайды немесе белгіленген мерзімдер сақталмаған.

Бюджет процесінің интеграторы ретіндегі ЭҚО жұмысы жалпы алғанда қанағаттанарлық деп бағаланғанымен, ұйымның ішкі нормативтік құжаттары жаңартылмаған. Бұл көрсетілетін қызметтердің тиімділігіне кері әсер етуі мүмкін.

Қызметтер құнын есептеу кезінде әртүрлі әдістер қолданылған. Аудиторлар қате баға белгілеу тәуекелін азайту үшін баға сараптамасын жүргізуді және жұмыстар мен қызметтерді бөлек есепке алуды ұсынды.

Тексеру барысында ақпараттық қауіпсіздікке ерекше назар аударылды. Сүйемелдеудегі және сенімгерлік басқарудағы ақпараттық жүйелерде, сондай-ақ «Электрондық коммерциялық сатып алу» ақпараттық жүйесінде негізгі қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталды. Кейбір жүйелер толық жүктемемен қолданылып отырғанымен, ресми түрде әлі де тәжірибелік пайдалану сатысында тұр.

Сонымен қатар бірқатар цифрлық жүйелерге рұқсатсыз араласу мүмкіндігі бар екені белгілі болды. Аудит кезінде «Электрондық мемлекеттік сатып алу» ақпараттық жүйесіне 600-ден астам техникалық өзгеріс енгізілгені тіркелген. Олардың қатарында тәжірибе мен рұқсат құжаттарын тексеру функцияларын өшіру фактілері де бар. Бұл бағытта ЭҚО-ның бақылау тетіктерін күшейту қажет екені атап өтілді.

Ақпараттық жүйелердің тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін Қаржы министрлігі тарапынан ЭҚО қызметіне бақылауды күшейту ұсынылды.

Аудит қорытындысы бойынша 566 млн теңгеге қаржылық бұзушылық анықталды. Ал қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану көлемі 13,5 млрд теңгені құрады. Жоғары аудиторлық палата анықталған кемшіліктерге қатысты нақты ұсынымдар мен тапсырмалар беріп, олардың орындалуы бақылауда болатынын мәлімдеді.

Материал авторы