SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қаржы министрлігі жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнеске салық және бухгалтерлік есеп жүргізуде қолдау көрсету мақсатында «Халық бухгалтері» республикалық акциясын бастайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді.
Акцияның негізгі мақсаты – жеке кәсіпкерлерге және шағын бизнес субъектілеріне есепті дайындау мен тапсыру барысында туындайтын сұрақтар бойынша тегін консультациялық көмек беру.
Министрдің айтуынша, бастама бірнеше форматта жүзеге асырылады. Атап айтқанда, ресми ресурстар арқылы онлайн кеңестер ұйымдастырылады, соның ішінде арнайы Telegram-арна ашылады. Бұдан бөлек, офлайн және онлайн вебинарлар, сондай-ақ есеп тапсыру кезеңдерінде тақырыптық консультациялық сессиялар өткізу жоспарланған.
Акция аясында кәсіби бухгалтерлер мен аудиторлар, бухгалтерлік бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ аумақтық мемлекеттік кірістер органдарының мамандары тартылмақ. Олар кәсіпкерлерге салықтық есеп жүргізу тәртібін түсіндірумен айналысады.
«Акцияны жылдың бірінші жартыжылдығында өткізуді ұсынамыз. Мемлекеттік кірістер комитеті сервистік модельді енгізу және бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бағытындағы жұмысты күшейтеді», – деді Мәди Такиев.
Министрлік бұл бастама кәсіпкерлердің есеп тапсыру кезіндегі қателіктерін азайтып, салықтық тәртіпті жақсартуға ықпал етеді деп отыр.
RUS