508

Башар Асадтың Ресейде қалай өмір сүріп жатқаны белгілі болды

Мәскеуде Сирияның бұрынғы басшысымен қатар оның інісі де тұрып жатыр.

Башар Асадтың Ресейде қалай өмір сүріп жатқаны белгілі болды
Reuters

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Сирияның биліктен кеткен президенті Башар Асад пен оның отбасы Ресейде жоғары деңгейдегі жайлы әрі қымбат жағдайда тұрып жатыр. Бұл туралы The New York Times басылымы Асад әулетінің туыстары, достары және бұрынғы сириялық шенеуніктерге сілтеме жасап мәлімдеді.

Газет дерегінше, экс-президент қазір Мәскеу маңындағы Рублёвка аумағында тұрады. Алғашқы кезеңде Асадтар отбасы Мәскеудегі Four Seasons қонақүйінде орналасқан. Ондағы люкс апартаменттерді жалға алу құны аптасына шамамен 13 мың долларды құраған.

Кейін отбасы елорда орталығындағы «Федерация» мұнарасынан екі қабатты пентхаусқа көшкен. Ал одан соң Мәскеу облысындағы жеке үйге қоныстанған. Басылым дереккөздерінің айтуынша, Башар Асадты Ресейдің арнайы қызметтері күзетіп жүр.

The New York Times мәліметінше, Мәскеуде Асадтың туған інісі — Сирия армиясының бұрынғы төртінші броньды дивизиясын басқарған Махер Асад та тұрады. Ол «Москва-Сити» маңындағы Capital Towers тұрғын үй кешенінде өмір сүріп жатыр.

Башар Асад Сирияны 2000 жылдан бері басқарған. 2024 жылғы 8 желтоқсанда елде исламистік топтар коалициясы билікті басып алғанын жариялады. Келесі күні Асад пен оның отбасы Ресейден саяси баспана алғаны белгілі болды.

Бұған дейін немістің Zeit журналы экс-президенттің «Москва-Сити» аумағында тұрғанын жазған. Ал The Guardianдерегінше, Башар Асад Ресейде орыс тілін меңгеріп, офтальмология саласындағы білімін қайта жаңғыртып жүр.

Материал авторы