325

Ақтөбедегі 12 адамның өмірін жалмаған жол апаты: Іс бойынша тергеу аяқталды

Жантүршігерлік апатқа қатысты іс сотқа жетті.

Ақтөбедегі 12 адамның өмірін жалмаған жол апаты: Іс бойынша тергеу аяқталды
Ақтөбе ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысында 12 адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол-көлік апатына қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Іс Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралады. Сотқа дейінгі тыңдау 29 желтоқсанға белгіленген. Тергеу қорытындысына сәйкес, жүк көлігінің жүргізушісіне Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша айып тағылды.

Еске салайық, қайғылы апат қазан айында Әйтеке би ауданына қарасты Белқопа ауылы маңында болған. Самара – Шымкент тасжолында жүк көлігі мен жолаушылар тасымалдаған ГАЗель бетпе-бет соқтығысқан. Апат салдарынан 12 адам қаза тапты.

Жол апаты кезінде екі көліктің де жүргізушілері көз жұмған. Соған қарамастан, тергеу жүк көлігінің жүргізушісін жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзды деп таныды.

Қақтығыс салдарынан аман қалған небәрі үш жолаушы ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Оқиғадан кейін республикалық маңызы бар тасжолдың бір бөлігі уақытша жабылды.

Қайғылы жағдайға байланысты Ішкі істер министрлігі арнайы тергеу тобын жіберіп, кейін Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия жол апатының барлық мән-жайын егжей-тегжейлі зерделеді.

Тергеу аяқталып, енді іс сотта қаралатын болады.

Материал авторы