351

Туыстар арасындағы аударымдар бақылауға алына ма? Министрлік мәлімдеме жасады

1 қаңтардан бастап мобильді аударымдар жаңа тәртіппен тексеріледі

Туыстар арасындағы аударымдар бақылауға алына ма? Министрлік мәлімдеме жасады
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда мобильді аударымдарды салықтық бақылаудың жаңа ережелері күшіне енеді. Бұл туралы Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді.

Жаңа талаптарға сәйкес, салық органдары жеке тұлғаны тексеруге бір мезетте үш шарт толық орындалған жағдайда ғана құқылы болады:

– жеке шотқа 100 және одан көп адамнан қаражат түсуі;
– бұл жағдай қатарынан үш ай бойы қайталануы;
– аударымдардың жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан асуы. 2025 жылғы есеп бойынша, бұл сома небәрі шамамен 1 020 000 теңге.

Егер осы талаптардың кемінде бірі орындалмаса, тексеру жүргізілмейді.

Маңыздысы — туыстар, достар арасындағы қарапайым аударымдар, сондай-ақ жеке мақсаттағы бір реттік төлемдер бұл бақылауға жатпайды. Жаңа механизмнің негізгі мақсаты — жеке шот арқылы кәсіпкерлікпен айналысып, салық төлемей жүргендерді анықтау.

Банктер осындай аударымдар туралы мәліметті салық органдарына жолдайды. Бұдан кейін азаматқа ресми хабарлама жіберіледі. Ол хабарлама алынған сәттен бастап 30 жұмыс күні ішінде:

– салықтық есептілік тапсырып, тиісті салықты төлеуге;
– немесе аударымдардың кәсіпкерлікке қатысы жоқ екенін дәлелдеуге міндетті (мысалы, қарызды қайтару, қайырымдылық, өзге де жеке себептер).

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, шоттарды автоматты түрде бұғаттау болмайды, ал белгіленген лимиттен асқан жағдайда міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу керек деген ақпарат — жалған. Бақылау тек жасырын табысты анықтауға бағытталған.

Материал авторы