319

Ким Чен Ын қызымен бірге жаңа туристік қонақүйлер ашты

Солтүстік Корея турист тартуға кірісті.

Ким Чен Ын қызымен бірге жаңа туристік қонақүйлер ашты
STR/KCNA VIA KNS/AFP / Getty Image

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, КХДР көшбасшысы Ким Чен Ын қызы Чжу Эмен бірге Самчжиен қаласында бір мезетте бірнеше туристік қонақүйдің ашылу рәсіміне қатысты. Бұл туралы Кореяның орталық телеграф агенттігі хабарлады.

Агенттік дерегінше, Самчжиенде бірден бес жаңа қонақүй пайдалануға берілген. Мемлекеттік басылымдар бұл нысандарды «дәуірдің мақтанышы» деп атады.

Ресми жарияланымда Ким Чен Ынның келуі салтанатқа қатысушылар тарапынан зор қошеметпен қарсы алынғаны айтылған. Онда Солтүстік Корея көшбасшысы «халқын ең лайықты әрі ең бақытты етуге ұмтылатын, социализмнің жарқын болашағын табанды түрде жақындатып келе жатқан ұлы тұлға» ретінде сипатталған.

Ким Чен Ын екі қонақүйді жеке аралап көріп, олардың жұмысына жоғары баға берген. Ол қызмет көрсету сапасы басты басымдық болуы тиіс екенін атап өтіп, кәсіби мамандар даярлаудың жалпыұлттық жүйесін кеңейтіп, нығайтуды тапсырған.

Сонымен қатар КХДР басшысы жаңа қонақүйлерді «мемлекеттің даму әлеуетінің айқын дәлелі» деп атап, Самчжиенді елдің туристік мәдениетін таныстыратын «жаңашыл әрі өркениетті қалаға» айналдыруды көздейтінін мәлімдеді.

Еске салсақ, бұған дейін жаз айларында Солтүстік Кореяда Вонсан–Кальма жағалаулық туристік аймағының салтанатты ашылуы өткен. Ол рәсімге де Ким Чен Ынның өзі қатысқан.

Материал авторы