Депутат тиімсіз кәсіпорындарға берілетін мемлекеттік қолдауды тоқтатуды ұсынды
Министр 3,5 миллион бизнеске қызмет көрсетілгенін мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігіне қатысты сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, бірқатар кәсіпорындарға бөлініп жатқан бюджет қаражаты нақты нәтиже бермей отыр.
Мақсат Толықбай мемлекеттік қолдау алатын кейбір ұйымдарда қаржылық есептіліктің жоқтығын және ашықтықтың төмендігін сынға алды. Оның сөзінше, депутаттық сұраулардың өзіне кей жағдайда «мемлекеттік құпия» деген уәжбен жауап берілмейді, ал бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалғанын растайтын айқын деректер ұсынылмайды.
Депутат сондай-ақ мемлекеттен қолдау алған кәсіпорындарда жұмыс орындарының артпайтынын, экономикалық әсердің мардымсыз екенін атап өтті. Оның пікірінше, даму институттары арқылы төмен пайызбен берілетін несиелердің статистикасы нақты жағдайды көрсетпейді, көптеген жобалар формальды сипатта қалып, нақты бизнеске қаржы тым кеш жетеді.
Осыған байланысты Мақсат Толықбай тиімділігі төмен кәсіпорындарға мемлекеттік қолдауды тоқтатып, барлық қолдау шараларына кәсіпкерлердің «бірыңғай терезе» қағидаты арқылы қол жеткізуін қамтамасыз етуді ұсынды.
Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мемлекеттік қолдау платформасының нәтижелерін алға тартты. Оның мәліметінше, платформа арқылы 3,5 миллионнан астам бизнеске қызмет көрсетілген, ал 78 мыңнан астам кәсіпкер жеке кабинет арқылы тіркелген.
Министр алдағы уақытта мемлекеттік қолдауды өңірлік және салалық ерекшеліктерге қарай бағыттаужоспарланып отырғанын айтты. Сондай-ақ барлық кәсіпкерді бірдей қолдау мүмкін емес екенін, микробизнес пен өсім көрсетіп отырған компанияларға арналған жеке бағдарламалар бар екенін атап өтті.
Материал авторы