SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге және Атырау облысы әкімдігінің өкіліне Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) мемлекеттік қаржыны депозитке салуына шектеу қою және Атырау қаласы әкімінің «Атырау» корпорациясының директорлар кеңесіне мүшелігі қаншалықты заңды екендігі туралы сауал жолдады.
Депутат атап өткеніндей, кейбір ӘКК-лар өңірлік даму немесе инвестициялық жобаларға қатыспай, тек депозиттен ғана пайда табуда. Мысал ретінде Ақтөбе корпорациясының 2 млрд теңге табысын келтірді. Айтуынша, бұл қаржының 1,7 млрд теңгесі депозиттен түскен.
«Депозитке ақша жинап, тек одан пайда алу саясаты қашан тоқтайды? Депозит пен несиелеуді қашан шектейміз?» — деді депутат.
Бұған Ұлттық экономика министрлігінің өкілі, вице-премьер Серік Жұманғарин былайша жауап қайтарды:
«ӘКК-лар өңірлік даму және бизнеске қолдау көрсету үшін құрылған. Кейбір корпорацияларда нақты жобалар болмағандықтан қаражат депозитте қалуда. Депозитке салуды шектеу бойынша шаралар қарастырылып жатыр. Өткен жылдары бос қаражаттың шамамен 10%-і ғана депозитке салынған. Жаңа бюджет кодексі бойынша депозиттерге мемлекеттік қазынашылық келісімі қажет. Үкімет келесі жылдың бірінші тоқсанында өңірлік даму институттарының функцияларын қайта қарап, ұсыныстар таныстырады», — деді министр.
Сонымен қатар, Баққожаев Атырау облысына қатысты мемлекеттік қызметкерлердің коммерциялық мекемелердің басқаруына қатысуына тыйым салынғанын еске салып, Атырау қаласы әкімі Шәкір Кейкіннің корпорация директорлар кеңесінің мүшесі болуын сұрады.
«Тамыз айында мемлекеттік қызметкерлердің ӘКК директорлар құрамында болуына тыйым салынды. Осыған сәйкес барлық мемлекеттік қызметкерлер алынып, директорлар кеңесі жаңартылды. Қазір құрамға тек кәсіпкерлік субъектілері мен бизнес-қоғамдастық өкілдері енгізілген», — деп жауап қайтарды Атырау облысы әкімдігінің өкілі.
RUS