Шымбұлақтағы мейрамхана қазақша сөйлемеген қызметкерді жұмыстан босатты
Қазақша сөйлеуге міндетті емеспін деген әкімші жұмысынан айырылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы маңындағы Шымбұлақ тау-шаңғы курортында орналасқан Gusto мейрамханасында болған тіл дауына байланысты мекеме ресми мәлімдеме жасап, ішкі тексеру қорытындысын жариялады. Тексеру нәтижесінде мейрамхана әкімшісінің қызметі тоқтатылған.
Мейрамхана басшылығының хабарлауынша, 21 желтоқсанда болған оқиғаға байланысты сервис стандарттары мен корпоративтік коммуникация талаптары қаралған. Соның негізінде әкімшіні қызметтен босату туралы басқарушылық шешім қабылданған. Мекеме бұл шешімнің ішкі шара екенін және оқиғаға құқықтық баға беруді көздемейтінін атап өтті. Құқықтық рәсімдер заңнамаға сәйкес, тараптардың қатысуымен жалғасып жатыр.
Gusto мейрамханасы қонақтармен қарым-қатынаста сыйластық пен әдептілік қағидаттары қатаң сақталуы тиіс екенін мәлімдеді. Мекеме өкілдерінің айтуынша, қандай жағдай болмасын дөрекі немесе орынсыз сөйлесуге жол берілмейді. Осыған байланысты ішкі регламенттер күшейтіліп, қызметкерлермен қосымша жұмыс жүргізілмек.
Сондай-ақ мейрамхана Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін құрметтейтінін және қонақтарға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсететінін хабарлады. Орын алған жағдайдың қоғамда резонанс тудырғанына өкініш білдіріп, келушілерге көрсеткен түсіністігі үшін алғыс айтты.
Айта кетейік, оқиға туралы алғаш болып желі қолданушысы жазған. Оның айтуынша, мейрамхана әкімшісі қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартып, «А че разве это проблема, что если здесь никто не говорит на казахском?» деген сөз айтқан. Кейін жанжал ушығып, автордың мәлімдеуінше, әкімші боқтық сөздер қолданып, «Я родилась в СССР и не обязана говорить и обслуживать на казахском языке», «Мне казахский язык не нужен» деген мәлімдемелер жасаған.
Жазба авторы әкімшінің мәселені шешудің орнына жағдайды одан әрі ушықтырғанын, өзін мейрамханадан қуып шығуға тырысқанын және физикалық әрекетке дейін барғанын айтады. Оқиға полиция шақырумен аяқталған. Автордың сөзінше, ол шамамен үш сағат уақытын жоғалтып, туристері суықта күтуге мәжбүр болған. Болған жайт видеоға түсіріліп, желіде жарияланған, сондай-ақ куәгерлер бар.
Автор бұл оқиғаның елдің туристік имиджі қалыптасатын аймақта болғанын ерекше атап өтіп, мемлекеттік тілді қорлау жеке пікір немесе ұсақ мәселе емес екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай жағдайларға бейжай қарауға болмайды.
Материал авторы