Маңғыстау әкімі некесіз туған ұлына алимент төлеу мәселесіне қатысты пікір білдірді
Нұрдәулет Қилыбай сотқа өзі жүгінгенін айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өзінің жеке өміріне қатысты резонанс тудырған жағдайға түсініктеме берді. Әңгіме – оның бұрынғы мәслихат депутаты Ынташ Наурызовадан туған некесіз ұлы және алимент төлеу мәселесі туралы. Жағдай туралы АқЖайық басылымы жазды.
Аймақ басшысының мәлімдемесі 2025 жылғы 23 желтоқсанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында жасалды. Журналистер әлеуметтік желілерде тараған мәліметтерге байланысты әкімнің жеке ұстанымын сұраған.
Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, желіде тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
«Әлеуметтік желілерде сот мені ДНҚ сараптамасы арқылы баланы мойындауға мәжбүрледі деген ақпарат тарады. Бұл – жалған. Керісінше, мен өзім сотқа жүгініп, баланы тану туралы өтініш бердім. Сот менің талабымды қанағаттандырды», – деді әкім.
Өңір басшысы алимент төлеп отырғанын растады, алайда нақты соманы атаған жоқ. Оның айтуынша, алимент мөлшері жалақысының шамамен 20–25 пайызы көлемінде. Әкімнің айлық табысы 1,9 млн теңге шамасында, соның бір бөлігі алимент ретінде ұсталады.
Сондай-ақ Нұрдәулет Қилыбай қазіргі уақытта баламен байланыс орнатпағанын айтып, болған жағдайға өкініш білдірді.
«Иә, мұндай жағдай болды. Мен өкінемін. Бұл – өткенімдегі қателігім. Уақытты кері қайтара алмаймыз. Қазір мен үшін басты міндет – өңірдің дамуы. Халық қалай қабылдады – оны білмеймін, бұл тұрғындардың өз бағасы», – деді ол.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы әкімінің жеке өміріне қатысты бұл мәселе бұған дейін әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында кеңінен талқыланған.
Материал авторы