646

Қазақтар мен қырғыздарға тіл тигізген Екатерина Бивол айтқан сөздері үшін сот алдында жауап бермек

Ресейде белгілі боксшының бұрынғы әйеліне қатысты резонансты іс басталды.

Қазақтар мен қырғыздарға тіл тигізген Екатерина Бивол айтқан сөздері үшін сот алдында жауап бермек
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейде боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы жұбайы Екатерина Биволға қатысты тағы бір іс сотта қаралады. Бұл жолы іс басқа халықтарды қорлайтын видеоға байланысты.

2025 жылғы 24 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласының Ленин аудандық соты РФ Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінің 20.3.1-бабы («Өшпенділік немесе араздық қоздыру, сондай-ақ адам қадір-қасиетін кемсіту») бойынша әкімшілік іс тіркегені белгілі болды.

Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2025 жылғы 5 қарашада Санкт-Петербург пен Ленинград облысы бойынша ІІМ Бас басқармасына қарасты «Э» орталығы интернетке жүргізілген мониторинг барысында Telegram мессенджеріндегі арналардың бірінде видео жарияланғанын анықтаған. Тексеру нәтижесінде видеода бейнеленген әйелдің Екатерина Бивол екені белгілі болған.

Лингвистикалық сараптама қорытындысына сәйкес, Биволдың айтқан сөздері ұлттық белгісі, тілі мен шығу тегі бойынша біріктірілген адамдар тобына — «қырғыздар» мен «қазақтарға» қатысты жағымсыз баға береді. Бұл баға балағат сөздер мен бейәдеп лексика арқылы білдірілген.

Сот отырысы 2026 жылғы 29 қаңтарға белгіленген.

РФ ӘҚБтК-не сәйкес, мұндай құқықбұзушылық үшін 10 мыңнан 20 мың рубльге дейін айыппұл (шамамен 130 мың теңге), 100 сағатқа дейін міндетті жұмыс немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қарастырылған.

Еске салайық, 2025 жылғы 23 желтоқсанда сот Дмитрий Биволдың экс-жұбайына қарсы арызын қарап, Екатерина Биволды өзі иелік ететін барлық сайттарда, әлеуметтік желілердегі парақшаларында және мессенджер арналарында өзі туралы таратылған мәліметтерді жоққа шығаруға міндеттеген.

Бұған дейін Екатерина Бивол қазақстандықтар мен қырғызстандықтарға қатысты қорлау сөздері бар видео жариялағаннан кейін ТМД елдерінде резонанс тудырған. Қазан айында жарияланған бұл видеодан соң Қырғызстанда ол сырттай қамауға алынып, Қазақстанда іздеуге жарияланды әрі экстрадициялау мәселесі көтерілді. Ресейде тексеру басталған еді.

Материал авторы