Bloomberg: Кремль Украина бойынша бейбіт жоспарды қабылдаудан бас тартты
Кремль НАТО, санкциялар және тіл мәртебесіне қатысты талаптарын алға тартты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Bloomberg агенттігі Ресей басшылығына жақын дереккөзге сілтеме жасап, Кремль Украинаға қатысты 20 тармақтан тұратын бейбіт жоспарды қабылдамағанын хабарлады. Дегенмен Мәскеу құжатты толықтай жоққа шығармай, оны одан әрі келіссөздерге негіз болатын бастапқы нұсқа ретінде қарастырып отыр.
Агенттіктің мәліметінше, Ресей бұл жоспарға бірқатар өзгеріс енгізуді талап етеді. Атап айтқанда, Мәскеу НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюіне нақты кепілдіктер берілуін және Украинаның бейтарап мәртебесін бекітуді сұрап отыр. Қазіргі құжатта тек Украинаның ядролық қарудан азат мәртебесі көрсетілген.
Сонымен қатар Кремль ұсынылған құжаттағы соғыстан кейін Украина Қарулы күштерінің санын шектеу мәселесіне де наразылық білдірген. Ресей тарапы Украинадағы орыс тілінің мәртебесіне қатысты нақты кепілдіктер талап етуде.
Bloomberg дерегінше, Мәскеу санкцияларды алып тастау және мұздатылған ресейлік активтердің тағдырына қатысты да айқын түсініктеме күтеді.
Владимир Путин аталған ұсыныстарға әзірге ресми пікір білдірген жоқ. Алайда Ресей президентінің арнайы өкілі Дмитриев АҚШ делегациясымен Флоридада кездесіп, келіссөздер қорытындысын Мәскеуге жеткізген. Кремль АҚШ-пен диалогты жалғастыруға ниетті.
Агенттік Ресей бұл құжатты түбегейлі қабылдамай тастаудан бас тартып отырғанын, себебі АҚШ президенті Дональд Трамппен қарым-қатынасты ушықтырғысы келмейтінін атап өтеді.
Еске салайық, бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский алғаш рет 20 тармақтан тұратын бейбіт жоспарды ұсынған болатын. Оның айтуынша, негізгі құжаттан бөлек, жекелеген бағыттар бойынша қосымша ұсыныстар да бар. Ал АҚШ-тың НАТО жанындағы тұрақты өкілі Мэттью Уитакер Украинадағы жағдайды алдағы 90 күн ішінде реттеуге мүмкіндік бар екенін мәлімдеген.
Материал авторы