Үндістан санкцияларға қарамастан Ресей мұнайын сатып алуды қайта бастады
Мұнайды санкция тізіміне кірмеген жеткізушілер арқылы алып жатқан көрінеді
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Үндістандағы ең ірі жеке мұнай өңдеу компаниясы — Reliance Industries Ресейден мұнай сатып алуды қайта жандандырды.
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Reliance Industries АҚШ санкцияларын айналып өтпей, бірақ санкция тізіміне кірмеген жеткізушілер арқылы Ресей мұнайын жеңілдетілген бағамен сатып алып отыр. Шикізат Үндістанның Гуджарат штатындағы қуаты тәулігіне 660 мың баррельді құрайтын мұнай өңдеу зауытына жеткізіледі. Бұл зауыт ел ішіндегі тұтынушыларды жанармай өнімдерімен қамтамасыз етеді.
Ресей мұнайын тасымалдау үшін компания Aframax класындағы танкерлерді пайдалануға келісімшарт жасасқан. Bloomberg дерегінше, бұл тасымалды «РусЭкспорт» компаниясы жүзеге асырады.
Агенттік атап өткендей, осындай логистикалық және сауда тетігі Үндістанның Ресей мұнайын сатып алу көлемінің күрт қысқаруын тежей алады. Бұған дейін ресми тұлғалар желтоқсан айында импорт көлемі екі еседен астам азаюы мүмкін екенін мәлімдеген еді.
АҚШ билігі 22 қазанда Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізіп, бұл шешімді Мәскеудің Украинадағы соғысты тоқтатуға мүдделілік танытпауымен түсіндірді. Санкциялық тізімге Ресейдің ірі мұнай компаниялары — «Роснефть» пен «Лукойл», сондай-ақ олардың Ресей аумағындағы еншілес құрылымдары енгізілді. Бұл талаптарды бұзу АҚШ азаматтары мен шетелдіктер үшін азаматтық немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Reuters агенттігі Reliance Industries компаниясының АҚШ санкцияларына байланысты Ресей мұнайын импорттауды қысқартуды немесе толық тоқтатуды жоспарлап отырғанын хабарлаған болатын. Алайда соңғы деректер бұл жоспардың қайта қаралғанын көрсетеді.
Материал авторы