Астанада 2,3 млрд теңгелік әлеуметтік тұрғын үйді заңсыз иемденбек болғандар ұсталды
Әлеуметтік әлсіз топтарға арналған пәтерлерді жымқыру схемасы әшкереленді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен және Сот әкімшілігінің ішкі қауіпсіздік бөлімшелерімен бірлесіп, әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлерді заңсыз иемдену дерегі бойынша ауқымды тергеу бастады. Іс көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және мүгедектігі бар азаматтарға бөлінген пәтерлерге қатысты.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2014–2016 жылдары «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативін басқарған А.Байжұманов пайшылардың қаражатын жымқырудың ірі схемасын ұйымдастырғаны үшін 8 жылға сотталған. Кейін аталған кооперативке тиесілі бірқатар пәтерлердің құрылысы Астана қаласының әкімдігі тарапынан аяқталып, олар әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған тұрғын үй ретінде рәсімделген.
Алайда бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін Байжұманов жаңа заңсыз әрекеттерге барған. Тергеу дерегінше, ол «өткен күнмен рәсімделген» жалған құжаттарды пайдаланып, пәтерлерді заңсыз иемдену схемасын іске асырған.
Соның салдарынан 80-нен астам адам «жалған үлескер» ретінде жәбірленуші деп танылып, уәкілетті ұйым арқылы 170 жылжымайтын мүлік нысанына заңсыз құқық алған. Пәтерлерді өтеусіз иемденген соң, күдіктілер оларды үшінші тұлғаларға сатып жіберуді жоспарлаған.
Құзырлы органдардың жедел әрекетінің нәтижесінде жалпы құны 2,3 млрд теңгеден асатын мүлікті заңсыз иемдену әрекетінің жолы кесілді. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынды, тергеу жалғасып жатыр.
Материал авторы