644

Сауда министрі: «Базарға өзім барып, саудаласамын»

Министр жаңа жылдық дастарханға 120 мың теңге жұмсайтынын айтты.

Сауда министрі: «Базарға өзім барып, саудаласамын»
@saudagovkz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Мәжіліс кулуарында журналистерге отбасының жаңа жылдық дастарханы мен оған жұмсалатын қаржы жайлы айтып берді.

Министрдің сөзінше, биыл да мерекелік дастарханның басты асы – дәстүрлі «бешбармақ». Ал шығын көлемін негізінен жұбайы анықтайды. Соған қарамастан, отбасы жаңа жылдық асқа шамамен 100-120 мың теңге жұмсауды жоспарлап отыр.

«Әріптесім есептеп көріпті, 73 мың теңге шыққан. Бірақ бізде отбасы үлкендеу, сондықтан 100-120 мың теңгенің төңірегінде болады деп ойлаймын. Сол бюджетке сүйенеміз», – деді министр.

Журналистердің «базарда саудаласа ма?» деген сұрағына Арман Шаққалиев нақты жауап берді. Оның айтуынша, саудаласу – қалыпты әрі күнделікті тәжірибе.

«Шектеу әрдайым бар. Мен сауда министрі ретінде базарға үнемі барамын, саудаласамын. Бұл – қалыпты нәрсе», – деді ол.

Министр тұрақты сатып алушы болғандықтан, кейбір сатушылар жеңілдік жасайтынын да жасырмады.

«Бір жерге жиі барамыз, сондықтан олар аздап түсіреді, бір жерде соманы айналдырып береді», – деп қосты Шаққалиев.

Бұған дейін Үкіметте қазақстандықтардың жаңа жыл қарсаңында жиі сатып алатын негізгі азық-түлік бағаларына талдау жүргізілген еді. Сауда комитетінің мәліметінше, мерекелік азық-түлік себетінде айтарлықтай қымбаттау тіркелмеген.

Комитет төрағасы Ернұр Жәутікбаевтың айтуынша, 37 атаудан тұратын жаңа жылдық азық-түлік жиынтығы былтыр шамамен 68 мың теңге болған. Биыл бұл көрсеткіш небәрі 70 мың теңге көлемінде қалып отыр.

Ал премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин желтоқсанда азық-түлік бағасында күрт секіріс болмайтынын, тек қалыпты әрі баяу өсім мүмкін екенін мәлімдеген.

Материал авторы