Ресейдегі қаңқу сөзге нүкте қойылды: Рыбакина паспортын көрсетті
Қос азаматтық туралы әңгімеге Рыбакина жауап қайтарды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, теннисші Елена Рыбакинаның азаматтығына қатысты Ресейде қайта өршіген дауға спортшының өзі нақты жауап берді. Ол көпшілік алдына Қазақстан Республикасының паспортын ұстап шығып, тараған әңгімелерге іс жүзінде нүкте қойды.
Басылым мәліметінше, Рыбакина Қытайға ұшып барып, World Tennis Continental Cup атты көрсетілім турниріне қатысқан. Жергілікті жанкүйерлермен кездесу барысында түсірілген фото және видеолар әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Кадрлардың бірқатарында теннисшінің қолында Қазақстан азаматының паспорты анық көрінеді.
Бұл жайт спортшының азаматтығы төңірегіндегі пікірталас қайта қызған тұста жария болды. Бұған дейін Ресей теннис федерациясының президенті Шамиль Тарпищев Рыбакинаның Мәскеуде тұратынын және оның Ресей азаматтығы бар екенін мәлімдеген еді. Ол «спорттық азаматтық Қазақстанға рәсімделген» деген уәж айтқан.
Алайда Қазақстан теннис федерациясы бұл мәлімдемені толық жоққа шығарды. Ұйым өкілдері Қазақстанда қос азаматтыққа заңмен тыйым салынғанын және «спорттық азаматтық» деген ұғымның мүлде жоқ екенін еске салды.
Осылайша, Рыбакинаның көпшілік алдында Қазақстан паспортын көрсетуі тараған қауесеттерге ресми әрі нақты жауап ретінде қабылданды.
Материал авторы