Тоқаев Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын берді
Бауыржан Момышұлына 115 жылдығына орай «Халық қаһарманы» атағы берілді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аңызға айналған қолбасшы, даңқты батыр Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Ақордаға жеткізді.
Жамбыл облысының жұртшылығымен кездесу барысында президент Тараз қаласында ашылған жаңа әскери мектеп-интернатқа Бауыржан Момышұлының есімін беру жөнінде ұсыныс айтты. Мемлекет басшысының сөзінше, бұл – еліміздің оңтүстігінде ашылған алғашқы әскери мектеп-интернат.
«Осындай оқу орындары барлық өңірде болуы керек. Үкіметке бұл мәселені жан-жақты пысықтау тапсырылды. Біз жас ұрпаққа сапалы білім беріп қана қоймай, олардың бойына отансүйгіштік рухты сіңіруіміз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сондай-ақ Бауыржан Момышұлының туғанына кеше 115 жыл толғанын атап өтті. Оның айтуынша, батырдың ерлігі Қазақстанда ғана емес, шетелде де кеңінен танылғанымен, осы уақытқа дейін «Халық қаһарманы» атағы ресми түрде берілмей келген.
«Халқымыз оны қаһарман тұлға ретінде құрмет тұтады. Бірақ әйгілі батырға ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген. Облыс жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері, тіпті, жастарымыз да осы мәселені көтеріп жүргенін білеміз. Тарихи әділдікті қалпына келтіруіміз керек. Сондықтан мен Мемлекет басшысы ретінде Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдадым. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қойдым, бұл құжат міндетті түрде жарияланады», – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бауыржан Момышұлының ерлігі аңыз ғана емес, Ұлы Отан соғысының қаһармандары мойындаған, тарихи құжаттармен дәлелденген нақты шындық екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, өз батырларын ұлықтай білетін қоғам ешқашан жеңілмейді.
Материал авторы