550

Санавиациямен Астанаға жеткізілген Жезқазғандық екі жасар қыз ауруханадан шығарылды

Екі жасар бүлдіршінге дәрігерлер қате диагноз қойғаны айтылған еді.

Санавиациямен Астанаға жеткізілген Жезқазғандық екі жасар қыз ауруханадан шығарылды
instagram.com/ruchiarusalka

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жезқазғаннан санитарлық авиация арқылы Астанаға жеткізілген екі жасар Алиса ауруханадан шығарылды. Бұл туралы баланың анасы Альбина Кузьмина хабарлады.

Қыз баланың жағдайы қоғам назарына анасының әлеуметтік желіде жариялаған бейнеүндеуінен кейін шыққан еді. Онда ол Жезқазғандағы дәрігерлер қызына бастапқыда дұрыс диагноз қоймағанын айтып, баланы шұғыл түрде Астанаға санавиациямен жеткізуді сұраған.

Ананың айтуынша, Алиса Жезқазған көпбейінді ауруханасында бірнеше рет тексеруден өткенмен, әр жолы үйіне жіберілген. Кейін баладан асқынған перитонитпен қабаттасқан жедел аппендицит анықталған. Оған шұғыл операция жасалғанымен, жағдайы ұзақ уақыт ауыр күйде қалған.

Әлеуметтік желіде бейнеүндеу кең тараған соң, бала санитарлық авиациямен Астанаға жеткізіліп, елордада емін жалғастырған.

25 желтоқсанда Альбина Кузьмина қызының ауруханадан шығарылғанын мәлімдеді.

«Біз үйге қайтып бара жатырмыз. Қай жерде болсаңыз да, қолдау білдірген әр адамға алғысым шексіз», — деп жазды ол.

Анасы жазбасында көмектескен дәрігерлерге, бейжай қарамаған қазақстандықтарға ерекше ризашылығын білдірген.

«Шын жүректен, адал ниетпен дер кезінде көрсетілген аса қажет көмегіңіз үшін алғыс айтамын», — деді ол.

Қазір Алисаға оңалту кезеңі мен қосымша ем қажет. Дегенмен дәрігерлер баланың өміріне қауіп жоқ екенін мәлімдеген.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор